Жылыойды судан тазарту мамырға дейін аяқталмақ

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында  облыс әкімі Серік Шәпкенов мәлім етті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысының айтуынша, Жем өзені арнасының көтерілуінен Жылыой ауданындағы 2 920 үй су астында қалды. Қазіргі уақытта 1,2 млн текше метрден астам су қауіпсіз аймаққа шығарылды. Нәтижесінде 1 345 тұрғын үй және 55 әлеуметтік нысан судан тазартылып, тұрғындар үйіне оралып жатыр. Қалған су басқан аумақтарын тазарту жұмыстары мамырға дейін толық аяқтау жоспарланды.

- Қазір дезинфекциялау жұмыстары да бірге жүргізіліп жатыр. Зардап шеккен тұрғындарға 100 айлық есептік көрсеткіш (369 200 тг) көлемінде уақытша пәтер жалдауға және басқа да қажеттіліктеріне көмек көрсетілуде. Бүгінде тұрғындардан 3 398 өтініш түсіп, 3 271 тұрғынға төлем төленді. Оған жергілікті бюджет есебінен барлығы 1,2 млрд.тг көлемінде қаражат төленді. Сонымен қатар келтірілген залалды анықтау мақсатында әкімдік жанынан комиссия құрылып,  2 272 тұрғынның өтініші қабылданды. Су кеткен аймақтарда арнайы мекемелер техникалық зерделеу және бағалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тұрғындар өтініші өзімінің жіті бақылауымда,-деді С.Шәпкенов.