Жылыойда "Сергек" камераларының жұмысы тоқтатылды

Құлсары қаласында «Сергек» бақылау камералары биылғы 4 сәуірде өшірілді. Содан бері қалада ешқандай құқықбұзушылық тіркелген жоқ. «Кибер-шериф» автокөліктері Құлсары қаласы сыртындағы тасжолдарда жүр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі Атырау облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабына сілтеме жасап.

Атырау облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының әкімшілік тактика бөлімшесінің басшысы Ғарифолла Тайшыбаевтың айтуынша, төтенше жағдай кезінде тіркелген айыппұлдар тұрғындардың шағым беруі арқылы кері қаралатын болады.

«Айыппұл төлеу туралы нұсқама қай мемлекеттік органнан шығып тұр сол мекенжайға ұсынылады. Яғни, тұрғын өзінің шағымын, қандай қажеттілікке байланысты жылдамдық асырғанын дәлелдейтін құжаттарын ұсынуы қажет. Мысалы, ол адам бала-шағасын эвакопункттерге шұғыл жағдайда апарған болса, сол мекенжай бойынша сұраныс беріліп, маршруттарының сәйкестігі тексеріліп шешім қабылданатын болады» деді Ғарифолла Тайшыбаев. 

Айта кетейік, қазіргі уақытта Жылыой ауданында жол жүру қағидасы бойынша құқықбұзушылықты автоматты түрде тіркейтін камералар өшіп тұр. Ал бейнебақылауды Жылыой аудандық  полиция бөлімі жағдай тұрақталғаннан кейін қосады. Жалпы қала аумағын қарайтын бақылау камералары жұмыс жасауда

Фото: AtyrauPress