«Жасыл ел»: Атырауда мың жас жұмыспен қамтылмақ

«Жасыл ел» жастар жасағының жиырмасыншы еңбек маусымы биыл өңірдегі төтенше жағдайға байланысты 12 маусым күні басталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім еткендей, оған 16 мен 35 жас аралығындағы 1000 жас жұмысқа тартылды. Бұл туралы Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы Жастар және әлеуметтік бастамаларды қолдау бөлімінің бас маманы Айгерім Құрманберлиева мен «Инфо Орталық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Заманбек Құрақбай баспасөз брифингінде айтты. 

- Жоба 7 ауданда және Атырау қаласына қарасты 6 ауылдық округте жүзеге асырылуда. Жұмыспен қамтылған жастар көгалдандыру, абаттандыру бағыттарымен қоса құрылыс бағытында да жұмыс істейді. Жылыой ауданында жұмысқа тартылатын 140 жас су тасқынынан зардап шеккендерге салынып жатқан тұрғын үй құрылысына және көгалдандыру жұмыстарына жұмылдырылады. Құрылыста жұмыс жасаған сарбаздар үшін жалақыға (85 мың) қосымша дәл сол сумма қосылып төленетін болады. Қазіргі уақытта облыста 300-ден астам адам жұмыс істеп жатыр. Бұл шаралар үшін облыстық бюджеттен 110 млн-ға жуық ақша бөлінді. Бөлінген қаражатқа жастар мен ұйымдастырушылардың жалақысы және осы жоба аясында өткізілетін түрлі акциялар мен сенбіліктер, сонымен қатар жұмысшы жастарға арналған киім мен әр түрлі құрал-саймандар кіреді, - деді А.Құрманберлиева.

Жобаға жауапты маман З.Құрақбайдың айтуынша, жаңа еңбек маусымына қатысу үшін 1700 өтініш берілді. Нәтижесінде жұмысқа орналастыру үшін 1000 адам іріктелді.