Теңіз ауылында экотимбилдинг өтті

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында Атырау облыстық «Жаныңдамын» қоғамдық қоры Теңіз ауылдық округінде экотимбилдинг өткізді, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметі “ Серпер” қоғамдық-саяси газетінің сайтына сілтеме жасап.

Мақсаты – ауыл тұрғындарының экобелсенділігін дамыту, қоршаған ортаны таза ұстауға тәрбиелеу, жастар арасында демалыс ұйымдастыру, олардың бір-бірімен жақсы танысып, жете білісе түсуіне жағдай жасау. Экотимбилдингке елуге тарта жас қатысты.

Шараның ашылуында Теңіз ауылдық округінің әкімі Қайсар Мақсотов, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Шынболат Мусин сөйлеп, жастарды қоршаған ортаны қорғауға, оны таза ұстауға атсалысуға шақырды.

Атырау облыстық «Жаныңдамын» қоғамдық қорының директоры Мира Есниязова: – Бұл шара қоршаған ортаны, Отанымызды, туған жерімізді сүюге, экологиясын таза ұстауға тәрбиелейді. Көбіне мектеп жасындағы балаларға ұйымдастыратын едік. Бүгінгі шара берілген тапсырма бойынша 18-35 және одан да жоғары жастағы аудан тұрғындарының белсенділігімен жүзеге асады. Біздің «Жаныңдамын» қоғамдық қоры мемлекетке және мемлекеттік істерге өзінің көмегін ұсынатын бірден-бір ұжым. Сондықтан, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орындау мақсатымен Құрманғазы ауданына келген болатынбыз. Осыған дейін мектеп оқушыларының қатысуымен аудан көлемінде екі шара ұйымдастырдық. Алдағы жоспарымызда тағы үш шарамыз бар. Сол үш шараның екеуі сіздерге арналған. Өздеріңіздің көшеңіздің, ауылыңыздың экологиясын жақсартуға септігіңізді тигізулеріңізді сұраймыз, – деп, тимбилдинг сенбілік пен лотерея және көңілді ойындар ұйымдастырудан тұратынын қаперге берді.

Аталған округтің әкімі Қайсар Мақсот пен облыстық «Жаныңдамын» қоғамдық қорының директоры Мира Есниязова бастаған жастар Теңіз ауылының көшелерімен жүріп өтіп, тұрғындар аулаларының алдына шығарып қойған және көше бойындағы қоқыстарды жинап, тіркемелі тракторға тиеді.

Тазалық жұмыстары нәтижесінде 15 тонна қоқыс шығарылды.

Шараның екінші бөлігі кофе-брейкке, лотерея мен көңілді ойындар ұйымдастыруға, сенбілікке қатысушыларды Алғыс хаттармен марапаттауға ұласты.

Возможно, это изображение 4 человека