Тасқыннан зардап шеккендер өтінішті онлайн бере алады

Тасқын судан зардап шеккендер өтемақыны алу үшін өтінішті онлайн түрде бере алады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі облыстық төтенше жағдай жөніндегі жедел штабқа сілтеме жасап.

ТЖ жөніндегі жедел штабта өткен брифингте бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев мәлімдеді. Жасұлан Бисембевтің айтуынша, тасқын судан зардап шеккен Жылыой ауданының тұрғындары өтемақы алу үшін өтінішті egov.kz порталы арқылы онлайн режимде бере алады.

- Құлсары қаласын тасқын судан құрғату қазіргі таңда ең басты міндет болып табылады. Ахуал тұрақтанған бойда тәуелсіз бағалау компаниялары жұмысына кіріседі. Бағалау барысында кейбір үйлер адамның тұруына жарамды болуы мүмкін. Бағалау компаниялары жарамсыз немесе авариялық деп таныған үйлер бойынша, қаулыға сәйкес атқарушы органдар өтемақыны төлеуге кіріседі,-деді Ж.Бисембиев.