Тасқынға байланысты өтемақыға өтініш қалай беріледі?

Үкімет қаулысына сай, апаттан бүлінген мүлік пен қираған үй, қырылған мал жеңілдетілген тәртіппен қысқа уақытта өтеледі. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook парақшасында айтты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі ұлттық арнаға сілтеме жасап.

«Біріншіден, зардап шегушілер мүлікке қатысты әкімдікке жеке немесе сенімхат арқылы материалдық өтемақы туралы өтініш жазып, жеке куәлік көшірмесімен бүлінген немесе жойылған мүліктің тізбесін қоса тапсырады. Өтініш 30 күн ішінде берілуі тиіс. Берілген өтініш 15 жұмыс күнінде қаралып, тиісті мамандар 10 күн ішінде мекенжайға барып, шығындарды есептейді. Бағалаушылардың қортындысынан кейін 3 жұмыс күн ішінде қаражат беру туралы шешім қабылданып, 30 жұмыс күн аралығында өтемақы төленеді», - деді Аида Балаева.

Су апаты салдарынан қырылған малға қалай өтемақы төленеді?

«Қырылған малға қатысты өңірлерде жергілікті атқарушы органдардың жанынан шығындарды есептеуші комиссия құрылды. Су тасқыны салдарынан өлген төрт түліктің иелері малдары туралы мәліметтерді көрсетіп жергілікті комиссияға өтініш беру керек. Малға меншік құқығы комиссиялардың актілерімен расталады. Мал иелеріне өтемақы мөлшері Ұлттық статистика бюросы жариялаған жануарлардың түрлері бойынша нарықтық құны негізінде айқындалады», - деді министр.