Махамбет ауданындағы Талдыкөл ауылында жолды су басуына байланысты, тұрғындарға қайық тасымалы ұйымдастырылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі Атырау облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабына сілтеме жасап.
Махамбет ауданына қарасты Талдыкөл ауылында су деңгейі көтеріліп, ауылға кірме жолды су басып кетті. Осыған байланысты, тұрғындардың Атырау қаласымен қатынасын үзбеу үшін, ТЖД мамандары қайық арқылы тасымалдау қызметін ұйымдастырып отыр. Бейбарыс ауылдық округінің әкімі Сейілбек Зұлхашев хабарлағандай, қазіргі уақытта Талдыкөл ауылына су басу қаупі төніп тұрған жоқ.
Қосымша бекіту жұмыстары үзіліссіз жүруде. Қайық тасымалы тұрғындардың қаламен байланысын үзбеу үшін ұйымдастырылып отыр. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында, Талдыкөл ауылында Қорғаныс министрлігінің 59 сарбаз, Төтенше жағдайлар министрлігінің 17 қызметкері және арнайы техникалар жұмылдырылуда.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Талдыкөл ауылынан алдын ала 207 тұрғын Атырау қаласындағы эвакопунктке эвакуацияланған болатын. 422 адам өз қалауымен туыстарының үйіне орналасты.