Қазақстан – су ресурсы шектеулі мемлекеттердің бірі. Соңғы жылдары еліміз жаһандық климаттың өзгеруі, трансшекаралық өзендердегі су көлемінің азаюы, ауыл шаруашылығында суды тиімсіз пайдалану секілді күрделі мәселелерге тап болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың 8 қыркүйегіндегі Жолдауында су қауіпсіздігі мен үнемдеуді елдің стратегиялық басымдығы ретінде атап өтіп, нақты шаралар қабылдау қажет екенін қатаң ескертті. Бұл мақалада Президент ұсынған бағыттар, оның ішінде Жайық өзені мен Каспий теңізінің экологиялық жағдайы және су реформасына қатысты негізгі ұсыныстары талданады.
Президент Жолдауда су үнемдейтін технологиялардың енгізілу қарқыны өте баяу екенін сынға алды:
«Су үнемдейтін технологияны енгізу жұмысы баяу жүруде, нақты нәтиже әлі жоқ. Бұл салада Қытайдың озық тәжірибесін зерттеп, технологиясын сатып алу қажет. Сонымен қатар шетелдік компанияларды тартуымыз керек.»
Мемлекет басшысы егін шаруашылығында суды тиімді пайдалануды басты міндет ретінде қойып, жыл сайын кемінде 150 мың гектар жерге су үнемдеу технологияларын енгізу қажеттігін атап өтті. Бұл әсіресе оңтүстік өңірлердегі егіншілер үшін маңызды, себебі су тапшылығы өнім сапасына тікелей әсер етеді.
Қаржылық ынталандыру: Субсидиялар мен тарифтік өзгерістер
Суды үнемдеу жүйелерін енгізу үшін фермерлерге қаржылық қолдау тетіктері қажет. Осы орайда Президент субсидиялар мөлшерін 50%-дан 80%-ға дейін арттыруды тапсырды. Бұл бастама шаруаларды жаңа технологияларды орнатуға ынталандырып, ұзақ мерзімді нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жаңартылған Су кодексі жобасында суды үнемдеушілерге тарифтік жеңілдіктер мен қосымша қолдаулар қарастырылған. Бұл – су пайдаланушылардың жауапкершілігін арттыратын және үнемдеуді тиімді ете түсетін жүйелік өзгеріс.
Цифрландыру және есепке алу
Су саласындағы басты проблемалардың бірі – нақты есептің болмауы. Президент цифрландыруды суды басқару саласында негізгі құрал ретінде атады. Су арналары мен каналдарға есептеу құралдарын орнату арқылы су шығынын бақылап, судың нақты қайда және қалай жұмсалатынын анықтауға болады.
Бұл әсіресе ірі ауыл шаруашылық алқаптары мен өндіріс орындары үшін маңызды. Егер судың қайнар көзі мен тұтынушысы нақты есепке алынса, ысырап пен шығын азаяды, ал тиімсіз пайдаланушылар жауапкершілікке тартылады.
Жолдауда суды қайта пайдалану мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Автокөлік жуу бекеттері, өндірістік кәсіпорындар және басқа да коммерциялық нысандар қайта өңделген суды қолдануға көшпесе, су тапшылығы тіпті қала ішінде де айқын сезілуі мүмкін. Бұл бағытта нормативтік-құқықтық база әзірленіп, бақылау тетіктері күшейтілуі керек екен. Ал, шынтуайтына келгенде, бұның барлығы таяу арада жүзеге асып кете ме? Қиындау сұрақ. Алысқа бармай- ақ, Атырау қаласындағы көлік жуу орындарындағы суды пайдалану мен үнемдеуге біреу бақылау жүргізіп отыр ма? Қағаз жүзінде қырағылықтан аяқ шалынатын шығар, ал, нақтысында...
Жайық өзеніне тосқауылдарды кім қойып жүр?
Президент Тоқаев Жайық өзенінің жағдайына бірнеше рет алаңдаушылық білдірді. Жолдауда да бұл мәселе көтерілді. Жайық – Қазақстан мен Ресейдің ортақ байлығы, бірақ соңғы жылдары өзеннің деңгейі күрт төмендеді, тіпті кей бөліктерінде толықтай құрғау қаупі туды.
Мемлекет басшысы Жайықты қалпына келтіру бойынша екіжақты келіссөздерді күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, суды тиімсіз тұтыну, су қоймаларының ескіруі және арналардың тазартылмауы да мәселені ушықтырып отыр.
«Жайықтың тартылуы – бұл тек экологиялық емес, геосаяси мәселе. Екі елдің ортақ келісімімен нақты жобалар қолға алынуы керек», – деді Тоқаев.
Ал, енді осы Жайық өзеніндегі су реттегіштер мен қоймалары қанша екенін нақты кім біледі? Қиындау сұрақ. Себебі, Ресей толық ақпаратын бермейді, әзірге белгілісі ғана ірі 19 су қоймасы бар. Олар мыналар:
1. Ириклин су қоймасы
2. Жоғарғы Орал су қоймасы
3. Магнитогорск су қоймасы
4. Ақяр су қоймасы
5. Таналық су қоймасы
6. Мақан су қоймасы
7. Бүзаулық (Бузавлык) су қоймасы
8. Жоғарғы Құмақ су қоймасы
9. Домбаров су қоймасы
10. Қызылшабан су қоймасы
11. Сақмар су қоймасы
12. Зиләир су қоймасы
13. Құйыргазын су қоймасы
14. Оңтүстік Башқұрт су қоймасы
15. Қарасу су қоймасы
16. Ақтөбе су қоймасы
17. Қарғалы су қоймасы
18. Қызылнов су қоймасы
19. Чаған су қоймасы
Бұл Батыс Қазақстан облысының журналисі, белсенді Александр Суетиннің мәліметтері 2019 жылы бізге берген. Оның айтуынша, 1987 жылыЖайық өзенінде бар болғаны 7 су қоймасы ғана болған. Қазір олардың саны 19 болып отыр!
Бұдан бөлек , Жайық бассейнінде шамамен 80 гидроторап бар (Башқұртстан, Челябинск, Орынбор, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында) екен. Сондай-ақ, 3100-ден астам жер бетіндегі бөгеттер бар екен, олар су аз келген жылдары көктемгі ағынның 85%-на дейін ұстап қалады. Башқұртстандағы Сақмар өзенінде жаңа жасанды су қоймасы салу жоспарда бар еді, көрші елдің соғыстан кейін осы су қоймасына қатысты жоспарының қандай боларын әлі нақтылаған жоқ! Бірақ, бар су қоймаларының өзі де экологиялық тепе- теңдікке едәуір салмақ салып отыр. Осы жерде Қазақстан тарапының Жайық өзенінде жаңадан су қоймасын саламыз деген жоспары қалай болар екен?
Ертеректегі Жайық өзеніне суын құйды деген Жем, Сағыз, Ойыл өзендерінің қазіргі өлмеші күні өте аянышты. Былтырғы мол судың арқасында оларға аз- кем жан бітіп, тіпті балық та оралғандай ғой. Дегенменен, бұл санаулы жылдардың көрінісі дегенге кім қарсы лаж айтар?
Сол өзендердің бастау бұлақтарындағы су реттегіштердің санын кім нақты біледі? Қызылқоғалық белсенді Есенбай Нұров ағамыз бірнеше жылдан бері Ақтөбе облысына, министрлікке дейін барып, әлеуметтік желі арқылы осы мәселені көтеріп жүр. Бірақ, сол су реттегіштерді көрші облыстағы шенеуніктер бірде алады, кейін көп кешікпей қайтадан салады. Кімнің мүддесі үшін бұл су реттегіштері тұр? Пайдаланып отырған шаруашылықтардың иелері сонау Астанада отыр делінеді. Бірақ, кім, қайда отырса да, су стратегиялық шикізат. Оны белгілі бір топтардың немесе тұлғалардың ғана қажеттелігі үшін пайдалана беруге болмайды! Осыны да Президент Жолдауында айқын көрсетіп кетті. Әңгіме, сол Жолдауда көтерілген мәселені тиісті адамдар мен мекемелердің санасына тоқуында болып отырған секілді. Қорыта келе айтарымыз, Жайық өзенінің төменгі сағасындағы бұрыңғы өзен- көлдердегі бөгеттерді алып, ретке келтірмейінше, жоғары жақтағы көрші елдің су қоймаларына иек арту қисынсыз. Өзімізден бастайық!
Қаршыға Көшеков
Фото Ануара Абилгазиева