Су саласы білікті маманға "шөлдеп" отыр...

Биыл еліміздің үштен екі бөлігін су басты. Тосыннан келген тасқынға тосқауыл болу үшін халқымыз қолдан келгенше тырысып бағуда. «Бір жағадан бас, бір жеңнен» қол шығарып, болаттай берік бөгеттер тұрғызуда, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Осыған дейін бір бұрышта тығылып, телефонға телмірген жас та, үйден сыртқа сүйреп шығара алмайтын бала да  бұл күні қолға күрек алып, қапшықты топыраққа толтыруда. Тіпті, жасы тоқсаннан асқан махамбеттік Орынша әжейге дейін жаға бекіту жұмыстарына өз үлесін қосып, желі жұлдызына айналды емес пе?!

Екінші жағынан, биылғы жағдай елімізде су саласының кемшілігі мен кем-кетігі көп екенін айқын аңғартқандай болды. Егер «ауруын жасырған өледі» десек, бұл да бір сабақ алатындай ауыр сынақ болды десек, артық айтқандығымыз емес. Расымен де, елімізде қазір білікті гидролог, гидротехник, гидрогеолог, мелиоратор секілді мамандар – жоқтың қасы. Ал, былтыр ғана құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігі әлі өз жемісін беріп үлгерген жоқ. Оның үстіне, отыз жыл бойы шешімін таппай келген маман тапшылығы мәселесі бір сәтте шешіле кетуі – мүмкін емес нәрсе. Енді қайтпек керек? 

«Бұрын университетте жаратылыстану және ауылшаруашылық ғылымдары факультетінде «су ресурстары және су пайдалану» бағытында маман даярлау ісі қолға алынған болатын. Алайда, кейін бұл мамандық «болашағы жоқ» деген желеумен жабылып тынды» дейді Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетіндегі Туризм және география кафедрасының аға оқытушысы Арман Жұмағазиев.

Арман Жұмағазиев білім беру бағытындағы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде су мамандықтарына грант көбірек бөлінуі тиіс деп санайды. Республика бойынша бүгінде аталған бағытта студенттерді оқыту мен даярлауға орташа есеппен бар болғаны 10-15 грант қана бөлінеді екен. Егер елімізде жеті мыңдай өзен, жалпы ауданы 45 мың шаршы шақырым мен көлемі 190 текше шақырымды құрайтын елу мыңға тарта үлкен және кіші көл, сондай-ақ, жүздеген және он мыңдаған шақырымға созылатын үш мыңнан астам канал барын ескерсек, шынымен де, бұл гранттардың саны анағұрлым көбірек болуы керек-ақ!..   

Қазір елімізде су мамандарын даярлайтын білім ордаларын саусақпен санап шығуға болады. Атап айтсақ, бұлар – Алматыдағы «География және су қауіпсіздігі институты» акционерлік қоғамы мен Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия университеті (гидролог пен гидрогеолог), Су шаруашылығы мен табиғат абаттандыру институты базасындағы  М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеттері (инженер-гидротехник), Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлы-зерттеу мен Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институттары және Шымкенттегі жеке жоғары оқу орны.  

«Біз бұрын су мамандарын дайындаған кезде мемлекеттік «Серпін» бағдарламасы жұмыс жасады. Оның мақсаты – Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл секілді еліміздің оңтүстік өңірлерінің, сондай-ақ, Қызылорда, Маңғыстау облыстарының жастарын оқытып, жұмысқа орналастыру еді. Бұның елге көп көмегі тиді деп ойлаймын. Өйткені, аталған аймақтарда еңбек ресурстары көп болатын. Ал, керісінше, еліміздің шығысы мен батысында және солтүстігінде маман тапшы еді. Сондықтан бұл бағдарламаның берері мол болды. Қалай болғанда да, атыраулық жастар су мамандықтарын меңгеруге мұқтаж болмады. Оны тек екінші мамандық есебінде қарастырды. Сол дипломдар қазір де бір бұрышта шаң басып жатқан шығар. Ал, сұраныс ұсыныстан туындайтыны – нарықтың қатаң қағидасы ғой» дейді А.Жұмағазиев.

Бүгінде «тілсіз жау» елді әбден әбігерге салды. Осынау қиын шақта еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қол қусырып қарап отырған жоқ. Сын сағатта берекелі бірлік пен тату тірліктің үлгісін көрсетіп жатқан жергілікті жұрт бұл сынақтан да сүрінбей өтеді деген сенім бар. Тек еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай деп тілейік!

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ