Соколок каналында жұмыстар аяқтала келді

21 сәуір күні Соколок және қосымша қазылып жатқан каналдағы жұмыстар толық аяқталады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі облыстық төтенше жағдай жөніндегі жедел штабқа сілтеме жасап.

Тасқынға қарсы шараларға бекітілген 108-учаске координаторы Олжас Сұлтановтың айтуынша, қазіргі уақытта Соколок каналын тазарту, түп тереңдету және қосымша канал қазу жұмыстары аяқтала келді.

«Қазіргі уақытта қосымша нығыздау, техникалық бақылау, қосалқы жұмыстар қалып отыр. Соколок каналының жалпы ұзындығы 32 шақырым. Канал шөп, басқа да қалдықтардан тазартылып, түбі тереңдетілді.
Соколок каналының жанына қосымша қазылып жатқан жаңа каналдың жалпы ұзындығы 24 шақырым. Каналдың ені жеті, тереңдігі екі метр. Аталған учаскедегі жұмысқа отыздан астам техника жұмылдырылды» деді 108-учаске координаторы Олжас Сұлтанов.

Айта кету керек, Соколок каналы қалаға келетін үлкен су тасқынын күтіп алатын «қақпа» ролін атқарады. Осы каналдың көмегімен судың негізгі бөлігін Каспий теңізіне қарай бағыттау жоспарлануда.