Атырау қаласында су тасқынына дайындық аясында 229 шақырым бөгет салу жоспарланса, 15 сәуірдегі жағдай бойынша оның 139,2 шақырымы салынды, орындалған жұмыс көлемі 60,8 пайыз, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Бүгін облыс әкімі «Соколок», «Аспа», «Бесікті», «Талқайран», «Ақжар», «Көктем» және «Геолог» ықшам аудандарында болды.
Учаскелерге жауаптылар, жергілікті тұрғындар, еріктілер атқарылып жатқан жұмыстарға, техникалармен және қажет құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге қатысты ұсыныстарын айтты. Аймақ басшысы жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.
Сондай-ақ аралау барысында Қайыршақты ауылдық округінің Аспа ауылының тұрғындарын көшіру туралы шешім қабылданды, ол жерде 16 тұрғын үй және 86 тұрғын бар. Бұл үйлер Жайық өзеніне жақын орналасқан, соның салдарынан үйлердің топырағы шайылып кеткен.
Штаб отырысы барысында облыс әкімі қала ішіндегі жағалау бойындағы бөгеттердің деңгейін көтеруді тапсырды.
Жалпы Атырау қаласы бойынша су тасқынына қарсы жұмыстарды жүргізу үшін түрлі ұйымдардың 950 техникасы жұмылдырылды.