Сарайшық ауылында зиратты қорғап қалу үшін 800 метр жанама бөгет соғылды

Өр суының ағыны қатты болуы салдарынан «Атырау – Индер» тас жолының  Сарайшықтан кейінгі 44 шақырымдағы жол жырылды. Махамбет ауданының ТЖ жөніндегі жедел штабының шешімімен жасалған бұл әдіс тасқын судың бағытын сай-салаға бұру мақсатында атқарылып отыр. 

«Қазіргі уақытта Сарайшық ауылы өр суының қоршауында қалып отыр. Жолды жыру, Құрсай каналын жыру арқылы суды сай салаға ағызу жұмыстары жасалып жатқанымен, өр суының қарқыны күшейіп тұр. Ауылдан екі шақырым қашықтықта орналасқан зираттарды тасқыннан сақтап қалу үшін, жедел түрде жанама 800 метр болатын бөгет соғылды.                                                               Қазір зираттың басында 12 ауыр техника бөгетті судың жарып кетпеуін қамтамасыз етуде. Тасқынмен күрес тәулік бойы үзіліссіз жүріп жатыр» деді Сарайшық ауылдық округінің әкімі Жаннат Кенжеғалиева. 
Сарайшық ауылында тасқынмен күреске арнайы техникаларды қоса алғанда, 95 сарбаз, 49 ТЖ мамандары, ауыл тұрғындары жұмылуда. 

Еске сала кетелік, «Казгидрометтің» 18 мамыр, 8.00 сағаттағы мәліметі бойынша, Махамбет ауданындағы су деңгейі бір тәулікте + 8 сантиметрге көтеріліп, су деңгейі 1008 сантиметрді құрады. 

Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабы