Салық міндеттемелері 1 шілдеге дейін шегерілмек

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті «Ашық НҚА» порталында тасқыннан зардап шеккен адамдардың салық төлемдерін реттейтін бұйрық жобасын жариялады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.

Комитет ұсынып отырған уақытша шаралар жергілікті әкімдіктер тасқынынан зардап шеккендердің тізіміне енгізген салық төлеушілерге ғана қатысы бар.

Ол шаралар мынандай:

1) төлеу мерзімі 2024 жылғы 1 наурыздан бастап 30 маусымға дейінгі кезеңде жалғасатын, барлық салық пен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, әлеуметтік төлемдер мерзімін 2024 жылғы 1 шілдеге дейін кейінге қалдыру ұсынылып отыр;

2) 2024 жылғы 1 наурыздан бастап 30 маусымға дейінгі кезеңде жалғасатын салық есептілігін тапсыру мерзімдері 2024 жылғы 1 шілдеге ауыстыру ұсынылып отыр;

3) мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету және салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қабылдау 2024 жылғы 1 шілдеге дейін тоқтата тұру;

4) орындау мерзімі 2024 жылғы 1 наурыздан бастап 30 маусымға дейінгі кезеңде басталатын, камералдық бақылау нәтижелері бойынша мемлекеттік кірістер органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындау мерзімін 2024 жылғы 1 шілдеге дейін ұзарту ұсынылып отыр.

«Бұл ретте тоқтата тұру мерзімі тексеру мерзіміне және талап қою мерзіміне қосылмайды. Мерзімінде орындалмаған салық міндеттемелердің өсімпұлын есептеу 2024 жылғы 1 наурыздан бастап 2024 жылғы 1 шілдеге дейін тоқтатыла тұрсын», - делінген бұйрық жобасында.

Құжат жобасы 29 сәуірге дейін ашық талқылауда болады.

Фото: Pixabay