Махамбеттен эвакуацияланған тұрғындарға мерекелік шара ұйымдастырылды

«Теңіз жүрегі» жобасының еріктілері Махамбет ауданы Талдыкөл ауылының эвакуацияланған тұрғындарына мерекелік шара ұйымдастырды. Қазір олар APEC PetroTechnic колледжінде тұрып жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Балалар "Менің жанұям" тақырыбында сурет әлеміне саяхат жасап, өз қолдарымен жасаған туындыларын ата-аналарына сыйлады. Содан соң зумба биі бойынша сессия өтті.

"Бұл шара отбасылық құндылықтар мен сын сәтте өзара қолдаудың қаншалықты қажет екенін түсіндіргіндей болды. Ұйымдастырушыларға алғысымыз зор. Ауызбіршіліктің арқасында бұл уақытша қиындықты да жеңеміз деп сенеміз" деді Талдыкөл тұрғыны. 

"Қазіргідей қиын кезде көмекке мұқтаж жандар көбейді. Біздің еріктілер де белсенділігін арттыра түсті. Бүгінде APEC PetroTechnic колледжінде жүзден астам бала тұрып жатыр. Эвакуация басталғалы жиырма түрлі шара өткіздік. Бұл ретте, тек материалдық көмек көрсетіп қана қоймай, рухани қолдау білдіруге де тырысамыз" дейді «Теңіз жүрегі» жобасының менеджері Рысты Жексенбаева. 

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ