Мүмкіндігі шектеулі атыраулық волонтерларға тамақ дайындауда

57 жастағы Алия Досмуханова 3 топтағы мүгедек. Мүмкіндігі шектеулі екеніне қарамастан ол волонтерлық жұмысқа белсенді атсалысып жүр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі Атырау облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабына сілтеме жасап.

Күйеуі және үлкен ұлымен бірге ерікті түрде волонтерларға тамақ дайындауды ұйымдастырған.

- Күн сайын тамақ дайындап, шатырдың ішін жинаймын. Күйеуім мен ұлым қаптарды құммен толтырады. Күн-түн демей жұмыс жасап, жастарға үлгі көрсетеміз, басқа тұрғындарды ынталандырамыз,-дейді А.Досмұханова.

Айта кетейік, Атыраудағы жағалау бекіту жұмыстарына түрлі ұйымдардың 3875 қызметкері, 3741 волонтер, 1751 әскери қызметші тартылып отыр.