Каспий теңізіндегі шөгінділерді тазалау жұмыстарын жүргізудің мәні неде?

Каспий теңізі — әлемдегі ең үлкен тұйық су айдыны. Ол Қазақстан, Ресей, Түркменстан, Әзербайжан және Иран мемлекеттерімен шектеседі, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

 Қазіргі уақытта бұл теңіз түрлі экологиялық және экономикалық мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Соның ішінде су деңгейінің төмендеуі - басты мәселе. Бірнеше ел үшін экологиялық, сонымен бірге экономикалық мәнге ие Каспий теңізінде Қазақстан үшін стратегиялық  маңызды Қашаған кен орны орналасқаны белгілі.

Қашаған — Қазақстандағы ең ірі мұнай-газ кен орындарының бірі және Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан бірегей стратегиялық нысан. Бұл аймақтағы өндірістік жұмыстардың табысты және үздіксіз жүзеге асырылуы теңіз арқылы қатынайтын кемелер қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Сол себепті Каспий  теңізінің түбіндегі шөгінділерді жою жұмыстары – логистикалық және экологиялық тұрғыдан өте маңызды қадам.

Жоба шеңберінде Қашаған кен орнына жақын, бұрын 2021-2022 жылдары су түбін тереңдету жұмыстары жүргізілген алаңда шөгінділерді шұғыл жою, соның ішінде 2025 жылдың аяғына қарай ең аз жұмыс көлемін және 2026 жылы негізгі жұмыс көлемін орындау жоспарланып отыр.

Кеме қатынасының қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі

 Каспий теңізінің деңгейі соңғы жылдары табиғи себептерге байланысты айтарлықтай төмендеп келеді. Сонымен қатар, теңіз түбінде шөгінділер мен лай қабаттарының жиналу жағдайы байқалуда. Бұл жағдай кемелердің жүруін қиындатып, кейбір бағыттарда қозғалысты мүлде шектеуі мүмкін.

Кемелердің қауіпсіз қозғалуын қамтамасыз ету үшін навигациялық арна бойындағы су тереңдігін қажетті деңгейде ұстап тұру қажет. Осы мақсатта 2021-2022 жылдары су түбін тереңдету жұмыстары жүргізілген алаңда шөгінділерді жою көзделіп, 2,90 метрлік навигациялық тереңдікке жету жоспарланып отыр. Бұл айтылған навигациялық тереңдік - апаттық жағдайларда да, күнделікті логистикалық операциялар кезінде де кедергісіз жүру мүмкіндігін береді.

 Өндірістік логистика

Қашаған кен орнына теңіз арқылы жүк жеткізу және персоналды тасымалдау — жобаның негізгі тіректерінің бірі. Теңіз арнасының лаймен бітелуі жүк тасымалдау кестесіне, өндіріс қарқынына, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге қауіп төндіреді.

Сондықтан да, су түбін тереңдету арқылы мамандар жабдықтар мен материалдарды тасымалдау тұрақтанатынын, эвакуациялық маршруттар ашық және қауіпсіз болатынын, барлық маусымда үздіксіз жұмыс жүргізуге мүмкіндік туатынын атап өтуде.

Экожүйеге жауапты көзқарас

NCOC компаниясы теңіз түбін тереңдету жобасын экологиялық қауіпсіздік қағидаттарына сәйкес жүзеге асырып келеді. Ал жоспарланып отырған шөгінділерді жою жобасы жаңа үйінділер ретінде емес, бұрыннан бар суасты құрылымдарына қайта орналастырылады. Сонымен қатар, жұмыстар заманауи гидравликалық жабдықтармен атқарылады, бұл теңіз түбіндегі тірі ағзаларға әсерді барынша азайтады.

2021 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан экологиялық мониторинг нәтижелері бойынша теңіз суы, планктон, бентостар, құстар және итбалықтар сияқты тіршілік иелеріне келтірілген зиян байқалмаған. 2024 жылдың соңына қарай экожүйе толығымен қалпына келгені анықталды.

Жобаның негізгі кезеңдері

NCOC компаниясының мәліметінше, жоба шеңберінде Қашаған кен орнынан өтетін бұрынғы теңіз жолы бағытында шөгінділерді тазарту көзделуде. 2025 жылдың соңына дейін аз көлемде жұмыс атқарылып, 2026 жылы негізгі қазу жұмыстары жүргізілмек.

Жоспарланған тереңдік 2025 жылы −4,80 м және 2026 жылы −4,60 м (КР) деңгейіне жетеді. Бұл көрсеткіштер теңіз кемелерінің кедергісіз қозғалуына қажетті 2,90 м су тереңдігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Ең бастысы, жоба барысында жаңа үйінділер пайда болмайды. Тағы бір атап өтерлігі,  компания қазіргі экожүйеге зиян келтірмеу мақсатында топырақ қазып алу үшін заманауи гидравликалық жабдықтарды, яғни, тасымалданатын батырма сорғы мен фрезерлі жер снарядын пайдаланады.

Ғылыми негізделген болжау және бақылау

Жобада шөгінділердің жиналуын бақылау үшін озық ғылыми әдістер қолданылады. Атап айтқанда, голландиялық Delft 3D үлгісі және көп сәулелі батиметриялық түсірілімдер арқылы теңіз түбінің өзгерісі жүйелі түрде қадағаланады. Бұл компанияға болашақта да арна тереңдігін тиімді басқаруға мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда

Каспий теңізінің түбіндегі шөгінділерді жою — тек техникалық шара ғана емес, бұл төтенше жағдайларға ден қоюға, жабдықтау жүйесі шеңберінде жүк жеткізуге және басқа да өндірістік қажеттіліктерді қамсыздандыруға бағытталған маңызды бастама. Бұл жоба теңіз инфрақұрылымының сенімділігін арттырып, табиғат пен технологияның үйлесімді дамуына үлес қосады.

Еске сала кетелік, NCOC компаниясы 1997 жылғы 18 қарашадағы Солтүстік Каспий бойынша Өнім бөлісу туралы келісім және оған енгізілген өзгерістер мен толықтырулар шеңберінде Консорциумның жеті қатысушысы атынан мұнай операцияларын жүзеге асыруға тағайындалған Оператор ретінде қызмет атқарады.

Мердігерлік алаң Атырау қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 80 км қашықтықта орналасқан Қашаған алып мұнай кен орнын қамтиды. Оған сонымен қатар Ақтоты және Қайраң кен орындары кіреді. Консорциум бойынша серіктестердің қатысу үлестері: ҚМГ Қашаған Б.В – 16,88%, Аджип Каспиан Си Б.В. – 16,81%, ЭксонМобил Қазақстан Инк. – 16,81%, Шелл Қазақстан Девелопмент Б.В. – 16,81%, ТотальЭнерджиз ЭП Қазақстан – 16,81%, ҚҰМК Қазақстан Б.В. – 8,33%, және ИНПЕКС Норт Каспиан Си – 7,56%.