Кәсіпорындар Атырауды көгалдандыруға тартылмақ

Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің төрағалығымен облыс аумағында көгалдандыру жұмыстарын жүргізу жөнінде меморандум жасасу туралы жиын өтті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Отырысқа Экология департаменті, ксанитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, Атырау қаласы әкімдігі мен өңірдің ірі кәсіпорындары – «KPI», «West Dala», «Атырау жылу электр орталығы», «Силлено», «GPC Investment», «Рауантех», «Бутадиен», «KMG PetroChem» қатысты.

- Меморандумның басты мақсаты – бизнес құрылымдарын табиғатты қорғау мен өңірді көгалдандыру жұмыстарына белсенді тарту, сонымен қатар қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Бүгінде табиғатты қорғау тек мемлекеттік емес, барша қоғамның ортақ міндеті. Сол себепті кәсіпорындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру мен өңірдің жасыл аймақтарын көбейту бағытындағы әрбір бастама қолдауға лайық, – деді облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев.

Аталған жұмыстар 2021 жылы басталған меморандум аясында жүзеге асып келеді.

Осы келісім бойынша облыс әкімдігі өңірдің ірі мұнай-газ компанияларын – «Теңізшевройл», «НКОК», «АМӨЗ», «ҚазМұнайГаз» және «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамдарын көгалдандыру жұмыстарына тартқан.

Кәсіпорындарға арнайы жер телімдері бөлініп, 5-10 жылдық мерзімге жасыл аймақтар құру жоспарланған. Қазіргі уақытта қала маңы мен аудандар аумағында 327 гектар жерге 311 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылды.