Құлсарының 250 тұрғыны бағалау нәтижелерімен танысты

Құлсары қаласында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды тұрғын үй және мүлікті бағалау нәтижелерімен таныстыру жұмыстары жалғасуда.

 Мобильді топтар күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

Үйді аралау барлық бағалау жұмыстары толық аяқталғанға дейін күн сайын демалыссыз жалғасатын болады.

Бүгінгі таңда Құлсары қаласы бойынша су басқан тұрғын үй иелерінен түскен 250 өтінім қаралды.

Сонымен қатар, су тасқыны кезінде зардап шеккен тұрғындармен ақшалай өтемақы төлеу бойынша келісімдер жасасу бойынша жұмыстар жергілікті Мәдениет үйінде жүргізілуде.

Құлсары қаласының тұрғыны Тойған Қарабаева бағалау нәтижесінде көрсетілген ақшалай өтемақы сомасын алуға келісіп отыр.

 Оның үйі 5 сәуірде су тасқыны кезінде құлап қалған болатын. Шаруашылық ғимараттар да зардап шекті.

 

⁃ Мен қазір Құлсарыдағы шағын аудандарының бірінде пәтер жалдап жүрмін. Сондықтан, тезірек баспана сатып алуым керек.

Ақшалай өтемақы алғаннан кейін жаңадан үй саламын немесе жаңа үй сатып алуым да мүмкін. Маған өтемақы беріп отырған мемлекетке алғыс айтамын, - деді Тойған Қарабаева.


Зардап шеккендердің қатарында Құлсары қаласының Атырау шағын ауданының тұрғыны Лаура Сандыбаева да бар. Оның үйі 5 сәуірде су астында қалған болатын. Кейін ауласы құрғатылып, үй мамандардың бағалауынан өтті.

 

⁃ Маған екі бағалау комиссиясы келді. Қазір мен олардың жұмысының нәтижелерін және су басқан тұрғын үйімнің залалын жариялауды күтіп жүрмін. Егер ұсынылған сома қажетімді өтейтін деңгейде болса, мен ақшалай өтемақы алуға келісім беремін, - деді Лаура Сандыбаева.



Бағалау нәтижелерімен танысқаннан кейін екі күн өткен соң, Құлсары тұрғындары мемлекеттен көмек алу үшін Жылыой ауданының әкімдігіне жүгіне алады.

 Келісім аясында тұрғындар зардап шеккен тұрғын үй үшін өтемақы опцияларын таңдай алады.

Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабы