Жылыой аудандық гуманитарлық көмек орталығында 60-қа жуық ерікті тұрғындарға азық-түлік таратуға жұмылдырылған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі Атырау облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабына сілтеме жасап.
Құлсары қаласындағы еріктілер штабының жетекшісі Жанаргүл Шарғабаеваның айтуынша, бүгінде пунктте азық-түлік қоры жеткілікті.
⁃ Халыққа азық-түлікті белгілі бір кесте бойынша таратамыз. 500-ге жуық отбасын барлық қажетті заттармен қамтамасыз етіп отырмыз. Қазір 20 тонналық фурамен Атыраудан гуманитарлық көмек келді, оларды 4 пункт арқылы таратудамыз. Бүгінгі таңда ұн, мұздатылған құс етінің, жұмыртқа, жарманың, жаялық пен төсек жабындысының қоры жеткілікті. Ұзақ сақталатын азық-түлік, гигиеналық құралдар мен тұрмыстық химиялық заттардан тұратын гуманитарлық көмек Жылыойға облыс орталығынан келуде" деді спикер Жанаргүл Шарғабаева.
Төтенше жағдай басталғаннан бері Жылыой ауданына 1 мың тоннаға жуық гуманитарлық көмек жөнелтілді.