Құлсарыдан эвакуацияланған әйел аяқ астынан босанып қалды

APEC PetroTechnic колледжіндегі эвакуациялық пунктте – ерекше қарбалас. Өйткені, бұл жерге анасымен бірге Жылыой ауданындағы су тасқынынан кейін дүниеге келген кішкентай бөбек орналасты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы облыстық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарова мәлім етті. Шақалаққа Абдолла деген ат берілген.

«Жаңа дүниеге келген нәресте бөлек күтімді қажет етеді. Гигиеналық заттарын, қажетті жиһаздарын жинақтап бөлмесін жасақтадық.  Қазір пункте 39 адам бар.Оның 17-сі балалар. Қолдан келген көмегімізді жасап жатырмыз» дейді колледж директорының орынбасары Данагүл Джайлаубаева.

Құлсары қаласының тұрғыны Анар Жұман үш баласымен Теңіз қалашығына эвакуацияланған.  Кейін аяқ асты толғағы  қысып Атыраудағы  облыстық перзентханаға  жеткізіліп, төртінші сәбиін өмірге әкелген. Әзірге алыс жолға шығуға әлсіз болғандықтан, дәрігерлер қалада қалуға кеңес берген. 

 -  Мұнда бәрі де асты-үстімізге түсіп барлық жағдайымызды жасап жатыр. Теңіз қалашығында қалған балаларым қасыма  жеткізілді, - дейді жас ана.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ