Қиғаш өзенінде су деңгейі көтерілген

Атырау облысы бойынша "Қазгидромет" РМК гидрологиялық мониторингінің деректері бойынша 18 сәуір сағат 8-дегі жағдаймен Қиғаш өзені – Шортанбай ауылы су бекетінде су деңгейінің тәулігіне +8 см-ге және 201 см-ге көтерілуі байқалады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі Атырау облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабына сілтеме жасап.

"Қиғаш каналындағы су тасқыны  Волгоград су қоймасынан судың келуіне байланысты болып отыр. Қиғаш пен Шароновка каналдарындағы су деңгейінің одан әрі артуы Еділ су электр станциясының су торабы арқылы төгінділердің көбеюіне байланысты күтілуде" делінген хабарламада. 

18 сәуірдегі Еділ су электр станциясынан судың жіберілуі 14260 м3/с құрайды. Еділ су электр станциясы күшейтілген режимде 27 сәуірге дейін жұмыс істейді. 

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ