“Қамысқаланы қоқыс алаңына айналдырмаймыз” - ауыл тұрғындары

Атырау облысы Исатай ауданына қарасты Қамысқала ауылдық округінде мұнай шламын өңдеуге арналған жоба жайында қоғамдық тыңдау өтті. Жалпы бұл жоба Махамбет ауданы аумағында жоспарлан. Алайда бұл нысанға ең жақын орналасқан елді мекен - Исатай ауданына қарасты Х.Ерғалиев ауылы (Қамысқала округі). Осы себепті де оның қоршаған ортаға ықтимал әсерлері бойынша қоғамдық тыңдау дәл осы ауылда ұйымдастырылды. Маңызды басқосуға AtyrauPress тілшісі арнайы барып, аталған жобаның маңызы мен тұрғындардың уәжін тыңдады. 

«Жоба құжат жүзінде Махамбет ауданына тиесілі болғанымен, ықпал аймағына бірінші кезекте Қамысқала ауылы түсіп отыр. Сондықтан бұл мәселе біз үшін де өте маңызды. Халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс», - деді ауыл әкімі Рафиғат Тәжиденова алғысөзінде. 

Жиынға облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, ауыл ардагерлері, қоғамдастық кеңесінің мүшелері, аудандық қоғамдық кеңес өкілдері, қоғам белсенділері мен ауыл тұрғындары қатысты. Қоғамдық тыңдауға жауапты мемлекеттік органдар - экология және табиғи ресурстар саласына қатысты департамент өкілдері онлайн форматта қосылды.

Бұл қандай жоба?

Жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырған «EcoVision» ЖШС өкілдері баяндама жасап, мұнай және мұнай қалдықтарын, оның ішінде мұнай шламдарын қайта өңдеу кешенінің техникалық сипаттамасын таныстырды. Компанияның айтуынша, өндіріс экологиялық талаптарға сай жүргізіледі, қалдықтар қауіпсіз әдістермен өңделеді, ал қоршаған ортаға әсері «елеусіз» деп бағаланған.

Алайда баяндамада нақты аумақтың экологиялық ерекшеліктерін ескеретін ғылыми әрі математикалық есептер, ұзақ мерзімді қауіптер мен ықтимал салдарлар жөніндегі дәлелдер жеткіліксіз болды. Бұл жайт тыңдаудың алғашқы бөлігінен-ақ тұрғындар тарапынан күмән туғызды.
Қоғамдық тыңдауға төрағалық еткен аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Өтегенов жиын барысында рәсімдік бейтараптықпен шектелмей, тұрғындардың сөзін еркін айтуына мүмкіндік берді. Ол бірнеше мәрте халық тарапынан қойылған сұрақтардың орынды екенін атап өтіп, жобаның ықтимал әсері толық әрі ашық талқылануы керектігін айтты. Бұл ұстаным жиынға қатысқан тұрғындар тарапынан қолдау тапты.

"Баяндамада ғылыми нақтылық жоқ" 

Облыстық мәслихат депутаты Нұрлан Қайырденов баяндамаға тікелей тоқталып, оның әлсіз тұстарын ашық айтты.


«Атырау облысы – өндірісі шоғырланған өңір. Экологиялық ахуалдың қандай екенін бәріміз білеміз. Бізде медициналық зерттеулер бар: қатерлі ісік, өкпе аурулары, мүгедектік, ақыл-есі кем балалардың туылуы көбейіп отыр. Осындай жағдайда ұсынылып отырған жоба нақты ғылыми есептермен дәлелденуі керек. Ал бұл баяндамада табиғатқа келетін залалдың математикалық нақтылығы жоқ», – деді ол.
Депутаттың айтуынша, облыстың бірқатар аумақтарын экологиялық апат аймағы деп тану үшін ғылыми негізделген бірнеше кезеңнен тұратын жұмыстар басталған. Мұндай жағдайда жаңа өндірістік нысандарға қатысты талап та күшеюі тиіс.

 Салғырттықтың салдары және  300 млн теңгелік шығын

Нұрлан Қайырденов Жылыой ауданындағы шлам нысанының тағдырын мысалға келтірді.
«Жылыойда шлам жинау алаңын салған компания жабылып, жауапты адам қалмады. Соның салдарынан халықтың наразылығынан кейін оны жою үшін бюджеттен 300 миллион теңге бөлінді. Бірақ әлі күнге дейін салдары толық жойылған жоқ. Ертең бұл жобаның да соңында дәл осындай мәселе тұрмайтынына кім кепіл?» – деді ол.

«Көршілер  неге бізге ысырып отыр?»

Жиын барысында тұрғындар көрші Махамбет ауданының әкімдігіне қатысты да наразылық білдірді.
«Жоба Махамбет ауданында деп көрсетіледі, бірақ нысанды біздің ауылға жақын әкеліп отыр. Әу баста мұнда да халық бар екенін неге ойламаған? Көрші болып тұрып, бұнысы несі?» - деген сұрақтар ашық қойылды. Бұл сауалдарға нақты жауап берілген жоқ.

Халық сөзі: "бізге денсаулық пен болашақ керек"!

Айтыскер ақын Саадат Нұрманов мұнайлы өңірлердегі әлеуметтік салдарға тоқталды.
«Шлам көмілген жердің үстіне салынған ауылдар бар. Иістің өзі бөлек, ал балалардың кеміс болып тууы - үлкен қасірет. Басында бәрі дұрыс жасалады дейді, кейін бақылау әлсірейді», - деді ол.
Аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Самат Қабделов: «Сіздер кәсіпорынның экономикасын ойлайсыздар, ал халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы ескерілмеген. 16 шақырым - өте жақын», - деп атап өтті.
Қоғамдық тыңдауда сөз алған, осы ауылда 46 жыл бойы бас дәрігер болып қызмет етіп келе жатқан Күләш Нұрманова Қамысқала тұрғындарының денсаулығына қатысты нақты деректерді келтірді.


Дәрігердің айтуынша, соңғы уақытта ауылда қатерлі ісік дерті жиілеген.«Күні кеше ғана екі адам қатерлі ісіктен көз жұмды. Қазір тағы үш адам осы диагнозбен есепте тұр. Бұдан бөлек, екі адам бүйрегінен айырылып, қазіргі таңда донор іздеп отыр. Бүгінде ауыл бойынша 6-7 адам ауыр диагнозбен диспансерлік есепте», - деп нақтылады Күләш Нұрманова.
Оның айтуынша, мұндай жағдайда жаңа өндірістік нысанның жақын маңда орналасуы қауіпті еселеп арттырады.
«Ауылдың арғы бетіне бару үшін 7 шақырым жүреміз. Ал екі барып-келсең -14 шақырым. Енді 16 шақырым жерге мұнай шламын өңдейтін алаң саламыз деп отыр. Бұл - көзге көрінбейтіндей алыс емес. Желмен-ақ жетіп келеді. Мен мұны ауылға төнген нақты қауіп деп есептеймін», - деді ауыл дәрігері.
Ардагер мұнайшы Мақсот Мурзин шламмен жұмыс істеген жылдардағы тәжірибесін еске алып: «Ақшасы жақсы болғанымен, денсаулыққа зияны одан да көп. Иіске үйрену - қауіптің жоқтығы емес», - деді.
Ал шаруагер Биғали Мүтиев экологиялық жағдайды өз көзімен көріп жүргенін айтты.
«Теңіз жақтан жел соқса, терезе ашу мүмкін емес. Бұл жобаны түбегейлі зиян деп есептеймін», - деді ол.
Қоғамдық тыңдау барысында жобаны қолдаған бірде-бір тұрғын болған жоқ. Қамысқала халқы мұнай шламын өңдеу жобасын экологиялық, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп таныды.

Тұрғындардың қарсылығы ресми хаттамаға енгізілді. Егер ол ескерусіз қалса, ауыл халқы мен қоғам белсенділері мәселені құқықтық алаңда жалғастыруға дайын екенін ашық мәлімдеді.

Қамысқала қоқыс алаңына айналмауы тиіс. Ауыл халқының талабы - осы. 

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ.