Исатай ауданындағы ахуал қалай?

Көктемгі су тасқынына қарсы күрес бағытында Исатай ауданында да жүйелі жұмыстар атқарылуда, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі atr.kz-ке сілтеме жасап.

Қамысқала ауылдық округінің әкімі Рафиғат Тәжиденованың айтуынша, бұл ауыл алып жатқан аумағы мен халқының саны жөнінен өңірдегі ең ірі үш елді мекеннің бірінен саналады. Бастауын Жайық өзенінен алатын Бақсай өзегі (суару-суландыру жүйесі) округ орталығы – Х.Ерғалиев ауылын кесіп өтеді, оның ұзындығы 14 шақырымды құрайды. Каналдың шығыс және батыс жақ жағалауын, яғни қос бетін қоса алғанда ауылды су тасқынынан қорғап қалу үшін мұнда жалпы ұзындығы 30 шақырымға жуық бөгет (дамбы) соғылуы тиіс. Бұл бағытта жоспарланған жұмыстар белгіленген кестеге сәйкес атқарылуда. Бұған аудан әкімдігі тарапынан қуатты техникалармен, қол күшімен тиісінше көмек-қолдау көрсетілуде. Сондай-ақ, қоғам белсенділері мен еріктілер, жалпы ауыл тұрғындары атсалысып, үлестерін қосуда.

- Айта кету керек, округ орталығының өзінде 680 үй, 4 000-ның үстінде тұрғын бар. Көшелердің орналасу ретіне қарай қорған бөгеттерін тұрғызу барысында ыңғайлы әрі қамтуға қолайлы болуы үшін ауылды бес учаскеге бөліп тастадық. Межеленген іс-шаралар да соған орайластырылып жүзеге асырылуда. Күні бүгінге жоспарланған жұмыс 70%-ға орындалды. Бір қиындық келтіріп отырғаны – Бақсай өзегінің жағалауында өскен қамыс пен қопа арғы жағынан келген судың ағысына кедергі келтіріп, арнасын бітеп, кері әсерін тигізуде. Сондықтан оны шауып, тазарту да бөлек күш-мүмкіндікті қажетсінетін жұмыс болып тұр. Біздің алдымызда бірінші кезекте тұрған міндет – жағаға жақын орналасқан үйлер мен қора жайларды өр суы келмейтіндей етіп қоршап, егде жастағы, мүгедек адамдарды, жас балалы аналарды, басқа да әлеуметтік осал топқа жататын тұрғындарды күнілгері қауіпсіз жерлерге көшіру, яғни эвакуациялау. Оларды төсек-орын, өзге де керекті заттармен, күнделікті қажетті азық-түлік қорымен қамтамасыз ету. Осындай жұмыстар бекітілген кесте-жоспарға сай орындалуда, – дейді ауыл әкімі Рафиғат Әнуарбекқызы.

«Апат айтып келмейді» десек те, қазіргі камданысы мен қарекетіне қарап, қамысқалалықтардың табиғат тосынына қарсы тұрар, төтенше жағдайды қиындықсыз өткізуге қауқарлы екенін аңғаруға болады. Көктемгі су тасқынының бетін тойтарып, төнер қауіпті сейілтуге бағытталған нақты істердің Бақсай каналының бойына қоныстанған Тұщықұдық, Аққыстау және Жанбай ауыл округтерінде де жүйелі жалғасын тапқанына куә болдық. Бұл жөнінде аталған округ әкімдері Абатыр Бекіш, Ғаділ Боранбаев, Дидар Есмұханов бейнебаяндама жасап, ахуалды толығымен жеткізді.