Индерліктер әскерилерге ыстық бауырсақ таратты

Индерде ауыл тұрғындары әскерилер мен волонтерларды ыстық бауырсақпен тамақтандырды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі Атырау облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабына сілтеме жасап.

 Атырау облысының Индер ауданында жергілікті тұрғындар жұма күндері әскери қызметшілер мен волонтерларға арнап бауырсақ, самса пісіріп жүр. Піскен тағам Жайық өзені бойында жағалау бекіту жұмыстарын жүргізіп жатқандарға таратылады. Тұтастай алғанда, аудан бойынша тасқын суға қарсы дайындық жұмыстарына 520 мекеме қызметкерлері мен ауыл тұрғындары, сондай-ақ, 300 әскери қызметші тартылып, барлығы 460 мың құм салынған қап дайындалған.    

Ал,  облыс орталығында жағалау бекіту жұмыстарында тынымсыз еңбек етіп жатқандарға «Довира» этномәдени бірлестігінің еріктілері екі апта бойы көмектесіп жүр. Волонтерлар аш жүрмесін деп, оларға тамақ жеткізіп береді. Және қазіргі кезде сәнге айналған тағамдарды емес, «Довира» үй тағамын әзірлейді.

- Бүгін алып келген варениктеріміз барлығына да ұнады. Кеше палау, бүрсігүні лағман болды. Дүкенде сатылатын шырындардың орнына үйденн компот дайындаймыз. Ал, бауырсақ, самса біздің күнделікті пісіретін тағамдарымыз болып табылады, - деді «Довира» украин этномәдени бірлестігінің төрайымы.