Эвакопунктерде волонтер-психологтар еңбек етуде

Өңірде табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, облыс орталығындағы  APEC PetroTechnic жоғары колледжіне су тасқынынан зардап шеккен жылыойлық тұрғындар эвакуацияланған уақыттан бері, Атырау облысы Білім беру басқармасының Балаларға қосымша білім беру, оқу әдістемелік  және ғылыми - практикалық  орталығы педагог - психологтардан тұратын волонтерлер тобын құрып, психологиялық көмек көрсетіп келеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Жуырда Махамбет ауданы, Бейбарыс ауылдық округіне қарасты Талдыкөл ауылынан эвакуацияланған балаларға психологиялық - педагогикалық қолдау жұмыстарын жүргізу мақсатында мамандар APEC PetroTechnic жоғары колледжінде  тренингтер өткізді.  

 Психологтер мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің бойында позитивті қағидаларды қалыптастыру, психикалық күйін дұрыс басқару дағдыларын үйрету мақсатында «Тез тап», «Пішіндер» логикалық ойындарын жүргізді. Логика мен эрудицияға, белсенділікке, интеллектуалдық білімге  негізделген ойын балалардың қызығушылығын арттырды. 

Волонтер психолог Гүлмира Гумарова орта және жоғары сынып оқушыларымен тренинг өткізді. Балалар төтенше апат жағдайында өзін-өзі бақылау, адекватты әрекет дағдыларына үйрену, мазасыздықты және эмоционалдық - психикалық қысымды түсіру, өзара тиімді қарым - қатынасты қалыптастыру мәселелері бойынша психологиялық түзету - дамыту жұмыстарына қатыса отырып, өздерінің тұлғалық  қасиеттерімен, өмірлік бағыт-бағдарларымен, эмоционалдық көңіл-күйлерімен жұмыс жасады. 

Тренинг барысында «Түрлі түстер және эмоция», «Мен және менің  қасиеттерім», «Менің ағзам және дыбыстар», «Австралия жауыны», «Орныңды тап» жаттығулары мен сергіту ойындары, Метафоралық ассоциативті карталармен жұмыс және «Фрактал» проективті әдістемесі жүргізілді.  Жеткіншектер жақсы көңіл күйде кері байланыс жасады.

Айта кету керек, қазір Атырау қаласындағы APEC PetroTechnic жоғары колледжіндегі эвакуациялық пункте Талдыкөл ауылынан эвакуацияланған 137, Х.Досмұхамедов атындағы  Атырау университетінде 9 бала орналасқан.