ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Алиев Атырау облысына жұмыс сапарымен келіп, өңірдің өзекті экологиялық мәселелері бойынша тұрғындармен және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесу өткізді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникация қызметі.
Кездесу барысында аймақтағы экологиялық жағдай, соның ішінде ауа мен судың ластануы, өндірістік қалдықтар, тазарту құрылғыларының жай-күйі және көгалдандыру жұмыстары сөз болды. Жергілікті тұрғындар қордаланған мәселелерді ашық айтып, оларды жедел шешуді талап етті.
Жиынға қатысқан Атырау облыстық мәслихатының Экология және табиғат пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Арман Хайруллин өңірдегі өндірістік компаниялар тарапынан орын алып тұрған экологиялық қателіктерді атап, кемшіліктерді шұғыл түрде шешу қажеттігін жеткізді. Ол бұл мәселелердің тек мемлекеттік органдар емес, өндіріс орындарының да жауапкершілігімен тығыз байланысты екенін айтты.
Вице-министр Жомарт Алиев министрлік тарапынан әр өңірдегі экологиялық жағдайдың үнемі бақылауда екенін жеткізді. Ол Атырау облысы бойынша да бірқатар нақты шаралардың қолға алынып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын айтты.
Қоғамдық тыңдау алдында Жомарт Алиев өңір тұрғындарымен жеке кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Ал жиын соңында БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Бұл іс-шара жергілікті халықпен ашық диалог орнату және экологиялық мәселелерді тиімді шешу жолдарын бірлесе талқылау мақсатында ұйымдастырылды.