"Бірлескен істің арқасында аман қалдық": Талдыкөл тұрғыны тасқын жағдайындағы ауыл туралы айтты

Еңбек ардагері, 10 баланың анасы Ақкенже Саташева ұзақ жылдан бері Талдыкөл ауылында тұрады.

Тасқын су қауіпі төнген кезде ауыл тұрғындары арасында қорқыныш болған.

Бұрын мұндай жағдаймен кездеспегеннен кейін,  үрейлендік. Бастапқыда бала-шағамызды қалаға жібердік. Кейін ауыл тұрғындары түгелге жуық эвакуацияландық. 

Эвакуация жарияланған күні қатты жел тұрып, толқынның қатты болғанына қарамастан, қайықпен аман-есен тасымалдандық. Бірде-бір тұрғын зардап шеккен жоқ. Орналасқан эвакуациялық пунктте де жағдайымыз жасалды.

"Ауылымыздың  аман-есен қалғанына қуанып отырмыз. Ауыл әкімі бастаған тұрғындарға, аудан, облыс басшылығына алғыс айтамыз. Күн-түн демей, ат үстінде жүріп, ұйқысыз түндерді өткізіп, ауылымызды қорғап қалған азаматтар бірліктің қуатын көрсетті" -деді Талдыкөл ауылының тұрғыны Ақкенже Саташева.

Еске сала кетсек, Махамбет ауданына қарасты Талдыкөл ауылы қауіпті аймақта орналасқан елдімекен. Жайық өзенінде су деңгейінің арнасынан шығып, Талдыкөл ауылына кірме жолды су басуына байланысты ауыл тұрғындары екі мәрте эвакуацияланған болатын.

Қазіргі уақытта Бейбарыс ауылдық округіне қарасты Талдыкөлге кірме жол уақытша қалпына келтірілді.

Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабы