Атыраулық тұрғын бекіре ұстағаны үшін 3 жылға сотталды

Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы мәлімдегендей, 2019 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңмен браконьерлік үшін жаза күшейтілді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бүгінге, Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының үйлестіруімен уәкілетті органдармен заңсыз балық айналымына қарсы күресте бірқатар жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, балықтарды, оның ішінде бекіре тұқымдас балықтарын заңсыз қолға түсіру, иемдену, тасымалдау, сақтау және өткізу қылмыстары үшін 93 адам сотталды, оның 26-сы – нақты бас бостандығынан айыру жазасына. Олардың заңсыз іс-әрекеттері нәтижесінде мемлекетке 1,2 млрд теңге залал келтірілген. Мысалға, азамат «Ш.Р.» бекіре тұқымдас балықтарын заңсыз иемденгені және сақтағаны үшін мемлекетке келген залал 130 млн теңге өндіруімен 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған. Табиғатқа келтірілген залал тек бекіре тұқымдас балықтары мен оның дериваттарын аулағандарға ғана емес, оны заңсыз иемденген, сақтаған және тасымалдағандарға да қойылатынын атап өту қажет. Осыған байланысты, облыс тұрғындары мен қонақтарын бекіре тұқымдас балықтары мен дериваттарын арнайы дүкендерден және олардың заңдылығын растайтын құжаттары болған кезде ғана сатып алу қажеттілігіне назар аударамыз.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ