Балықтың неден қырылғаны анықталды

Исатай ауданының «Севрюжья коса»  жерінде балықтың неден қырылғаны белгілі болды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Айта кетейік біз бұған дейін Исатай ауданында балық қырылғаны жөнінде жазған болатынбыз.

«19 қыркүйекте кефаль балықтарының өлімі расталды. Атырау облысы бойынша Экология департаментінің мамандары тиісті акт жасай отырып, топырақ сынамаларын алды. Сонымен қатар, балықтардың денелері қатты ыдырауына байланысты зертханалық зерттеулер үшін сынама алу мүмкін болмады. Жергілікті атқарушы органдар санитарлық нормаларды сақтай отырып, өлген балықтарды жинау жұмыстарын жүргізді. Жиналған балықтың жалпы салмағы 1 тонна 380 кг болды. Балықтардың қырылуына Каспий теңізінде қатты жел салдарынан теңізден кейін шегерілуі себеп болған. Яғни, су бірнеше ондаған шақырымға – 5-25 км-ге дейін шегінген. Осылайша,  су массаларының күрт ығысуы кезінде  балықтардың өлу дерегі орын алған. Осыған ұқсас жағдай Каспий теңізінде өткен жылдың қыркүйегінде де  тіркелді» делінген Балық комитетінің хабарламасында.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ