Атырауға экологиялық статус беру мәселесі зерттеліп жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл туралы облыс әкімі Серік Шәпкенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында журналист сұрағына жауап бере сәтінде айтты.
Әкімнің айтуынша, Атырауға экологиялық статус беру мәселесі бір күнде шешілмейді. Мұндай шешім қабылдануы үшін ведомствоаралық комиссияның келісімі қажет.
«Қазір Экология министрлігімен және Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сонымен бірге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен жиын өткізіліп, ғылыми зерттеу жүргізу жөнінде келісімге келдік. Осы ұйымның зерделеу нәтижесі шыққаннан кейін ғана нақты шешім қабылданады», деді Серік Шәпкенов.
Журналистер «Бұл процесс қашан аяқталуы мүмкін?» деп сұрағанда әкім: «Бұл біркүндік шаруа емес. Зерттеу жұмыстары толыққанды деңгейде жүргізілуі тиіс. Лабораториялық зерттеулер арқылы мұнайды интенсивті өндіру халық денсаулығына қаншалықты әсер етіп жатқанын нақты анықтау қажет. ДДСҰ өз әдістемесін әзірлеп береді, содан кейін жұмыс басталады» деп түсіндірді.
Айта кетейік, Атырау облысы – мұнай өндіру көлемі ең жоғары өңірлердің бірі. Өндірістік аймақтарда экологиялық жүктеменің жоғары болуы денсаулыққа әсерін бағалау қажеттілігін күшейтіп отыр.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ