Атыраулық полицейлер көмекке келген сарбаздарға алғыс білдірді

Атырау облысында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланғалы бері полицейлер эвакуациялау жұмыстарын үздіксіз жүргізді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі. 

Осы кезде Атырау облысында әскер қатарында жүрген 130 сарбаз патрульдеу жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында тиісті шаралар атқарды. Ұлттық Ұлан әскери бөлімінің сарбаздары күн-түн демей ашық аспан астында бөгеттер тұрғызып, эвакуациялау, күзету шараларына қатысты, тұрғындарға көмек көрсетті.

Осы ретте, атыраулық полицейлер су тасқынына қарсы күресте көмек пен қолдау көрсеткендері үшін 20 сарбаздың қызметтерін жоғары бағалап, уақытылы әрі тиімді әрекеттері үшін ризашылықтарын білдіріп, алғыс хаттар табыстады.

- Отан алдындағы борышты өтеу, бұл – әр азаматтың абыроймен атқаратын міндеті. Елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықтың орнауы, көк аспанымыздың жарқырауы да – сіздерге байланысты. Кеудесінде ар-намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар әрбір ҚР азаматы үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет – осы. Сіздер әскери міндетті адал орындау арқылы кейінгіге үлгісіздер. Сіздер үшін бүгін маңызды күн, бір жыл көлемінде әскери қызметтің қыр-сырын меңгеріп, Отан алдындағы борыштарыңызды абыроймен атқарып келдіңіздер. Адал қызметтеріңіз үшін алғыс білдіре отырып, мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақыт-береке тілеймін, - дейді Атырау қаласы полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары Ерлан Қабесов.