Шетелдіктер Атырау қаласында жергілікті тұрғындармен бірге Жайық жағалауын нығайтып жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі Атырау облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабына сілтеме жасап.
Өткен демалыс күндері шетелдік кәсіпорындар жұмысшылары тұратын Достық қаласының 60-тан астам тұрғыны өзен бойындағы бөгеттерді салуға атсалысты. Жұмысты ұйымдастырушы – Оңтүстік Луизианадан келген Джон Фелл. Су тасқынына дайындықты бала кезінен білетінін айтып, өз тәжірибесімен бөлісті. Себебі Джон өмірге келген Оңтүстік Луизианада жылына 3-4 рет су тасқыны болады. Джон су тасқыны басталғаннан бері еріктілерге көмектесіп келеді. Сонымен қатар ол басқа шетелдіктер сияқты қаланың өзге бөліктеріндегі жағалауларды қорғау жұмыстарына қатысып жүр.