Атырау тұрғындарына қалалар мен елді мекендерді абаттандыру ережелері туралы тағы бір мәрте еске салынды. Аталған ережелерге сәйкес, жеке және заңды тұлғалар өздеріне тиесілі жылжымайтын мүлік немесе басқа да меншік нысандарынан 5 метр радиустағы аумақты таза ұстауға міндетті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл әрбір үй иесі немесе кәсіпкер өз аумағында уақытылы қоқыс тазалап, шөп шауып, тәртіп сақтауы тиіс дегенді білдіреді. Мысалы, жеке үйдің немесе дүкеннің маңында арамшөп өсіп кетсе — оны жұлу сол аумақтың иесінің міндеті.
Осы талаптарды сақтамаған жағдайда әкімшілік шаралар қарастырылған. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес, абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін келесі мөлшерде айыппұлдар белгіленген:
-
жеке тұлғаларға — 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК);
-
шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға — 30 АЕК;
-
орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 40 АЕК;
-
ірі кәсіпорындарға — 100 АЕК.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасында мұндай шаралар елді мекендердің тазалығын, қауіпсіздігін және айналаның абаттандырылуын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
«Көше тазалығы — әрбір азаматтың міндеті. Үй аумағы мен бизнес нысандарының айналасындағы тәртіпке меншік иелері жауапты. Бұл ережелерді үнемі сақтау — жайлы және көрікті қала кепілі» дейді ведомство өкілдері.
Мамандар азаматтарды қаланы таза ұстау үшін уақытылы тазалық жұмыстарын жүргізіп, айналаның жай-күйіне ұдайы назар аударуға шақырады.
Амандық АБДОЛ