Атырауда су тасқынына байланысты жағдай – бақылауда

Облыстағы су тасқынына байланысты жағдай күнделікті бақылауда, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

6 наурызда ауа-райының күрт жылынуымен қоса жауған жауын салдарынан Индер ауданы Жарсуат ауылындағы төмен орналасқан көшелердің бірінде су жиналды. Мотопомпалар және арнайы техникалармен 3000 куб метр су жайылымға айдалды. Бұдан басқа, 7 наурызда Сағыз-Миялы тасжолының 60 метр аумағына су шықты. Екі жағдайда да үйлерді су баспады.

Айта кетейік, Төтенше жағдайлар министрлігінің «Тасқын және еріген сулар басуы ықтимал аумақтардың тізбесіне» Атыраудан 51 елдімекен енгізілген. Мұнда 106 381 адам және 21 448 үй бар. Қазір су басуы ықтимал 36 аумақта 90 822 адам мен 18 265 үй орналасқан.

Сондай-ақ, Жайық өзені, Каспий теңізі бойындағы қорғаныш бөгендері (Жұмыскер, Ақсай, Атырау, Балықшы, Геолог, Дамбы, Еркінқала, Қайыршақты, Кеңөзек ауылдық округтері) жөнделуде.

Ал, Алға, Махамбет ауылдарында – Жайық (7,7 км) және Дыңғызыл, Көптоғай, Шортанбай ауылдық округтерінде – Қиғаш (7 км) өзендерінің жағалауы нығайтылуда.