Атырауда рұқсат етілмеген қоқыс орындарының 95%-ы жойылды

Өңіріміздегі елеулі мәселелердің бірі - рұқсат етілмеген қоқыс орындары. Өткен жылы рұқсатсыз қоқыс төгілген 100 орны анықталып, оның 95%-ы жойылды. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев баспасөз брифингінде мәлім етті, - деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.

- Рұқсат етілмеген жерге қоқыс тастау жауыр болған мәселенің бірі. Көше аулалары жиі тазартылып, сенбіліктердің өткізілетініне қарамастан, кейбір азаматтардың тұрмыстық қалдықтарын лақтырып, қоршаған ортаға зиян келтіруі азаяр емес. Осыған байланысты жүргізілген тексеріс нәтижесінде облыс аумағында қоқыс орындарының рұқсат етілмеген 100 орны анықталды. Үздіксіз жұмыс пен қатаң бақылаудың нәтижесінде оның 95%-ы жойылды, - деді вице-министр.

Бұдан бөлек, қаладағы күкіртті сутектің негізгі көздері кәріздік тазарту қондырғылары мен «Тухлая балка» және «Квадрат» булану алаңы. 

М.Ошурбаевтың айтуынша, атмосфералық ауаның жай-күйін жақсарту мақсатында облыстың экологиялық проблемаларын кешенді шешуге бағытталған 45 іс-шараны қамтитын Жол картасы бекітілген.

Аталған жол картасы аясында «Тухлая балка» мен «Квадрат» булану алаңдарын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Ал қаланың сол жағалауында кәріздік тазарту қондырғысының құрылысы аяқталды. Сондай-ақ қалада атмосфералық ауаға шығатын шығарындылардың барлық көздеріне түгендеу жұмыстары жүргізілді.