Атырауда қосымша каналдар қазылуда

Атырау облысында тасқын суды бағыттау үшін қосымша каналдар қазылып жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

«Атырау облысы бойынша «Қазсушар» филиалы мен жергілікті әкімдік Жайық өзенінен келетін тасқын суын Каспий теңізіне бағыттау үшін 14,5 шақырым қосымша канал қазып жатыр. Бұл Атырау қаласы арқылы өтетін су көлемін азайтуға мүмкіндік береді», - деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева ОКҚ алаңында өткен Республикалық ақпараттық штабтың брифингі барысында.



Сонымен қатар, Атырау облысы бойынша «Қазсушар» филиалының 4 каналында тасқын суын қабылдау үшін бос орын дайындалуда. Атап айтқанда, Соколок, Сарыөзек, Бақсай және Нарын каналдарында суару кезеңіне жиналған су Каспийге жіберілді.

«Нәтижесінде Соколок каналы 2 млн текше метр, Сарыөзек каналы – 3 млн текше метр, Бақсай каналы – 7 млн текше метр және Нарын каналы – 4,5 млн текше метр су қабылдай алады», - деді Мөлдір Әбдуалиева.



Ақмола облысында тасқын судың «Альва» лиманды суару жүйесінің «Ескі грейдер» бөгеті арқылы асып кеткенін айта келе, ведомствоның ресми өкілі «Қазсушар» мен жергілікті тұрғындардың күшімен тасқын судың бөгеттен асуы тоқтатылып, Қараөткел кентін су басу қаупі сейілгенін атап өтті.

«Осы уақытқа дейін Петропавл қаласы шегіндегі Есіл өзенінің деңгейі - 1330 см, бір тәулікте ол 27 см-ге көтерілді. Мамандар су өткізу жұмыстарын жүргізіп жатыр», - деді спикер.