Атырау қаласының тұрғыны Татьяна Борисова қарағаштар арасына шырша мен қайың ағаштарының отырғызылуына байланысты өз наразылығын білдірді. Оның айтуынша, бұл ағаш түрлерінің топыраққа, ылғал мен жарыққа деген талаптары әртүрлі, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Белсенді тұрғынның айтуынша, қайың мен қарағаштың тамыр жүйесі агрессивті болып келеді және олар тез өседі. Ал, шыршаға көбірек ылғал мен қышқыл топырақ қажет, ол жартылай көлеңкені ұнатады және баяу өсетін ағаш. Оның пікірінше, мұндай үйлесімсіз ағаштарды қатар отырғызу болашақта олардың дамуына кері әсерін тигізіп, ландшафттық жағынан да үйлесімсіз көрініс туғызуы мүмкін.
«Қарағаш пен қайың топырақтағы бүкіл ылғал мен қоректік заттарды өзіне тартып алады, ал, шырша ондай ортада қурап қалады. Ағаштарды ешқандай жоспарсыз, олардың түрлік ерекшеліктерін ескермей отырғызғаны көрініп тұр. Мен бұл жайында босқа айтып отырған жоқпын – өмір бойы өсімдік шаруашылығымен айналыстым. Енді елестетіп көріңізші: шырша, қайың және қарағаш – қандай үйлеспейтін композиция! Бұл не масқара? – деп наразылығын білдірді ол.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың соңында Орал қаласының тәлімбағында өсірілген канадалық және көгілдір шыршалар демеушілердің қолдауымен Атырауға жеткізілген болатын. Биіктігі 2 метрге жуық 200 қылқанжапырақты ағаш Сәтпаев даңғылы бойына, Ретросаябақ аумағына және теміржол вокзалының маңына отырғызылды. Кейін сол жерлерге жергілікті тәлімбақтар мен Ресейдің Тольятти қаласынан әкелінген шамамен 300 ақ қайың көшеті отырғызылды.
Барлық жұмыстарды «Каспийдормостострой» мердігер ұйымы жүзеге асыруда.
«Ағаш түрлерін және отырғызылатын орынды таңдау – тек тапсырыс берушінің құзырындағы мәселе. 2023 жылдан бері "ҚДМС" мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қаладағы жасыл желектерге күтім жасаумен айналысып келеді. Біз тек белгілі бір жерде топырақ нашар дренаждалса немесе жер асты су деңгейі жоғары, тұздылығы тым көп болса, ол жерге ағаш отырғызбауға кеңес бере аламыз» деп түсіндіреді мердігер мекеме өкілдері.
Ал, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бұл мәселеге қатысты түсініктеме бере қоймады.
Амандық АБДОЛ
Фото: Т.Борисова