Бұрын Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде жаратылыстану және ауылшаруашылық ғылымдары факультетінде «су ресурстары және су пайдалану» бағытында маман даярлау ісі қолға алынған екен. Алайда, кейін бұл мамандық «болашағы жоқ» деген желеумен жабылып тынған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Аталған мамандық бойынша білім алғандардың бірі – Жанар Кадашева. Ол, тіпті, арман қуып Алматыға аттанып, магистратура мен докторантураны да оқып шығыпты. Бүгінде ол су мамандарын дайындаудың орнына химия кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқаруда. Сонда қалай, Қазақстанда өзен-көлдердің бәрі құрғап қалған ба?! Айтпақшы, күні кеше ғана Мемлекет басшысы тасқынға байланысты Батыс Қазақстан облысына іссапармен барған кезде суға қатысты мамандық иелерін дереу даярлауды тапсырды. Яғни, Президенттің өзі бұл мәселені шұғылу шешу қажеттігін айтып отыр.
– Жалпы, «су ресурстары және су пайдалану», бұл – кешенді мамандық. Яғни, оның ішіне мелиорация да, гидротехникалық құрылыс та кіреді. Былайша айтқанда, бұл бөлімде бесаспап маманды дайындайды деген сөз. Ал, мәселен, Қызылорда мен Тараздағы жоғары оқу орындарын алсақ, онда нақты инженер-гидротехниктерді дайындайды. Бірақ, небәрі бірлі-екілі маман ғана даярланып шығады. Себебі, талапкерлер бұл мамандыққа түсуге құлшыныс таныта бермейді, - дейді Жанар бізбен әңгімесінде.
Сұхбаттасушымыздың сөзінше, гидротехника – негізінен құрылысшы. Яғни, ол дамба, канал, су реттеуіш құралдар мен бөгет біткеннің бәрін жобалап, салатын маман. Көп жағдайда аты айтып тұрғандай техникалық бағытта қызмет етеді. Ал, гидролог болса, су бассейндерін зерттейді, ағындар мен ағыстарды реттеу мәселелерімен айналысады, есеп жүргізеді, су теңгерімін зерделейді, қанша су келіп-кетті, оның ішінде пайдаланылғаны мен буланғаны бар – бәрін бақылап отырады. Сондай-ақ, ол жерасты суын, топырақ құрамын, ұңғымалар мен құдықтарды да тексеріп тұрады.
Бұдан бөлек, ирригатор-мелиоратор деген де маман бар екен. Ол ауыл шаруашылығындағы су маманы болып саналады. Оның міндеті – сумен жабдықтау жүйелерін жүргізу, егістік алқаптарын суару, су шығынын есептеу.
Сол секілді, елімізде Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты да құрылған. Бұл – су ресурстарын басқару бағытында зерттеу жұмыстарын жүргізетін мемлекеттік ұйым болып табылады. Сонымен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ақтау қаласынан Каспий мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу институты ашылайын деп жатыр. Ертең оған да су мамандары ауадай қажет болатыны белгілі. Сондықтан бұл мамандықтың бұрынғыдай «болашағы жоқ» деген желеумен тамырына балта шабуға енді жол берілмейді.
– Мойындау керек, Қазақстанда бұрынғы Кеңес одағы кезінде қалыптасқан су ресурстарын реттеу саласында білікті мамандар мен ізденуші ғалымдар даярлау жүйесі жойылып кетті. Неге бұлай болғанын ешкім жөнді айтып түсіндіре алмайды. Жә, өткенге өкініп отыратын қазір уақыт жоқ. Енді болашаққа бағдар құру қажет. Десек те, бір шындық анық – ұрпақтар сабақтастығы болмағандықтан қолда бардан айырылып қалып отырыз. Айталық, бүгінде су саласын бес саусағындай білетін бұрынғы ардагерлеріміз баршылық. Өкінішке орай, олар да өмірдің заңдылығымен «бiрi мiнiп келместiң кемесiне, бiрi күтiп, әнеки, жағада тұр». Сондай-ақ, өмір-өзеннің бергі бетінде жас ұрпақ қол бұлғайды. Олар айтылған ақылды санасына сіңіріп алуға дайын. Әйтсе де, осы қос «құрлықты» жалғайтын орта буынның болмауы кері әсерін тигізуде, - дейді Ж.Кадашева.
Ал, 2000-шы жылдарға оралсақ, бұл кезде жаңа мамандықтар ашуға көп көңіл бөлінген болатын. Міне, су саласы соның көлеңкесінде қалып қойған сыңайлы. Осылайша, жиырма жыл да зымырандай зулап өте шықты. Енді өзен-көлдеріміз әбден арнасынан асқанда, байбалам салып жатырмыз...
Жалпы, елімізде о бастан жоғары білім мен ғылымға қатысты теріс тенденция қалыптасқанын жасыра алмаймыз. Ол кезде ғалымдар елге табыс әкелуі тиіс деп саналды. Ал, шын мәнінде ғылым қаражатқа тәуелді болмауы тиіс. Керісінше, қаржы ғылымға құйылуы қажет. Бірақ, бұрынғы «ақ жағалылар» бұлай ойламады. Олар коммерциялық пайдасы жоқ ғалымдарды қысқартуды жөн санады. Алайда, арадағы уақыт бұл шешімнің қате болғанын көрсетіп отыр. Себебі, көптеген отандық ғалымдар өз елінде қолдау таппаған соң, ойлаған арман-мақсаттарын жырақта жүріп жүзеге асыруға мәжбүр болды.
Міне, солардың бірі – география ғылымдарының докторы Адай Секенұлы. Ол кезінде Қытайға көшіп кеткен. Сөйтіп, аспан асты елінде өзінің төл отыз жобасын нақты іске асырып үлгерген. Оған жетпіс мың адам тартылған. Қазір ғибратты ғалым тарихи отанына оралып, Назарбаев университетінде жемісті еңбек етіп жүр. Иә, расымен де, осындай мүйізі қарағайдай ғалымдар кезінде туған топырақта жүріп көзге ілінбегені өкінішті-ақ!..
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ