Алмалы ауылдық округінің орталығында бөгет орнатылуы тиіс жағаның ұзындығы 8,6 шақырымды құрайды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі Атырау облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабына сілтеме жасап.
18 сәуірдегі жағдай бойынша, Алмалыда бөгет соғылуы тиіс 200 метрдей жұмыс қалды.
«Бөгет орнату жұмыстары аяқталғаннан кейін, әрі қарай бөгеттерді биіктету жалғасатын болады. Қазіргі уақытта Алмалы және Береке ауылдарында спорт, мәдениет мекемелері, мердігер компанияларды қоса «КТК», «Батысстрой» «Бірлік», «Денхолм Жолдас», «Тау кен» сынды жиырмаға жуық мекеме қызметкерлері, әскерилер, Төтенше жағдай департаменті мамандары және ауыл еріктілері тәулік бойы еңбек етуде» дейді Алмалы ауылдық округінің әкімі Гүлшат Аухадиева.
Тағы бір айта кетерлігі, төтенше жағдай мамандары толқынның әсерін әлсірететін бонн орнатуда. Өзенге орнатылып жатқан бонның жалпы ұзындығы 350 метрді құрайды. Сонымен бірге, құм толтырылған қапшықтардың суға төзімділігін арттыру үшін, көлік тегершіктері қолданылуда.
Еске сала кетелік, Алмалы округіне қарасты 2 ауыл және 8 саяжай бар. Береке ауылында жоспарланған 10,4 шақырым бөгеттің күні бүгінде 5,2 шақырымы қалды.
Айта кету керек, су алу бекеттерінің бойына Атырау қаласы бойынша бонн орнатылатын болады.