Аймағымызда көрсе көз тоятын көрікті жерлер мен қасиетті орындар аз емес. Соңғы бірер жылда осы жауһарларымыздың қатарына ерекше табиғи нысан қосылды. Ол – «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты. Оның тарихына терең үңілер болсақ, Атырау облысында Каспий теңізі мен оның жағалауында үш республикалық маңыздағы табиғи аумақ – «Жаңа жер» мемлекеттік табиғи (зоологиялық) қаумалы, Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағы, Жайық және Қиғаш өзендері арнасымен Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің акваторийі, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты құрылған.
2009 жылы Қазақстан Үкіметінің қаулысымен құрылған «Ақжайық» резерватының басты мақсаты – Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасының ерекше экожүйесін сақтау, биоалуантүрлілікті қорғау, экологиялық ағарту жұмыстарын жүргізумен қатар, экотуризмді дамыту. 2014 жылы резерват ЮНЕСКО-ның Әлемдік биосфералық резерваттар желісіне қосылды.
Бүгінгі күні ерекше қорғалатын аймақта Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген және бүкіл әлемнің орнитологтарының қызығушылығын танытатын құстардың 292 түрі және балықтың 32 түрі кездеседі. Көктем және күз айларында келген туристер саяхаттау барысында бұл аймақтан аққу, бұйра бірқазан, қоқиқаз, қызыл тырна, көкқұтан, су бүркіті, ақ тырна, шүрегей үйрек, үлкен суқұзғын, қара-ала балықшы, жалбағай секілді әсем құстарды көре алады.
Сонымен қатар, қорықта жануарлардың 48 түрі мекендейді. Олардың резерват аумағында көзге көп түсетіні – қоян, жанат тәрізді ит, түлкі, қасқыр, қабан, Каспий итбалығы. Өсімдіктер әлемі де сан алуан. Қорық аймағын зерттеген мамандар Жайық өзені мен Каспий теңізі жағалауларынан өсімдіктің 227 түрін тапқан. Олардың ішінде Шренк қызғалдағы мен Қазақстан шылымы Қызыл кітапқа енген.
«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында туристерге арналған төрт экологиялық бағыт бар. Олардың екеуі құрлықта, екеуі су үстін де жүзеге асырылады. Туристік маршруттардың біріншісі – «Табиғат әлемі». Резерваттың сол жақ кластерлік бөлігінде орналасқан оның ұзындығы 46 шақырымды құрайды. Экскурсия ұзақтығы шамамен 6 сағатқа созылады. Бұл бағытқа негізінен мектеп оқушылары топтасып шығады.
Екіншісі – «Су әлемі» маршруты. Бұл да қорықтың сол жақ кластерлік бөлігінде жүзеге асады. Келушілер Жайық өзені бойымен Пешной жарты аралына, одан әрі Каспий теңізі жағалауына барады. Ұзындығы 64 шақырым болатын бұл маршруттың мерзімдік ұзақтығы 7 сағатты құрайды.
Ал, оң жақ кластерлік бөлікте «Дала әлемі» қызмет көрсетеді. Еркінқала ауылы маңынан бастау алатын бұл саяхат «Каменный» учаскесіне дейін созылады. Туристер 4 сағат ішінде 34 шақырымдық жолды жүріп өтеді. Осылармен қатар, қорықтың сол жағында «Құстар әлемі» бағыты бар.
Мұнда штат бойынша 86 және штаттан тыс 20 қызметкер жұмыс жасайды. Бұл мекемеге 2023 жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен техникаларға 285 243 000 теңге бөлінген. Оған «АЦ 3,2-40/4» өрт сөндіру көлігі, «XCMG WZ30-25» экскаватор-тиегіш, «УАЗ-390945» шағын орман патрулдік кешені, «АЦ 5-40 ЗИЛ» өрт сөндіру көлігі, екі трактор (90 л.с.) – МТЗ-82 аналогы», бес 2,4 дискілі тырма, алпыс кеуде бейнежазба құралы, қырық орман өрт сөндіргіші және 45 рация алынған. Сондай-ақ, 14,2 тонна дизелдік отын мен 127,6 тонна жанар-жағармай сатып алынды.
Резерват аумағында төрт тұрақты бекет жасақталған. Күзет жұмыстары сегіз бағытта (маршрут) жүргізіліп, оның төртеуі сол және төртеуі оң жақтағы бекетпен бақыланды. Күзет қызметі инспекторлық құрамның дислокациялық жоспары мен басшылықпен бекітілген кезекшілік кестесіне байланысты жүргізіледі.
Қазір мекемеде өртті сөндіруге арналған төрт мотопомпа, екі арнайы өрт сөндіру машинасы (Орал-2007 ж., ЗИЛ-2008 ж.), екі трактор (2009 ж., 2014 ж.), екі шағын өрт сөндіру УАЗ машинасы (2011 ж., 2014 ж.) және 16 кіші көлемді моторлы қайық бар.
Бүгінде резерват елімізде табиғатты қорғау саласында атқарылып жатқан ауқымды экологиялық бастамаларға белсенді түрде атсалысып келеді. Солардың қатарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» акциясын және бүгінгі «Парктер шеруі» акциясын ерекше атап өтуге болады. Бүгінде Қазақстан аумағында экологиялық тепе-теңдікті сақтау, жасыл аймақтарды көбейту мен тұрмыстық қалдықтар мәселесі өзекті болып отыр. «Таза Қазақстан» жобасы осы түйткілдерге нақты шешім ұсынатын маңызды бастама.
Фото: ru.wikipedia.org