3,5 мың тұрғын үй су астында қалуда

Республикалық ақпараттық штабта су тасқыны жағдайы туралы осы сағаттағы ақпарат ұсынылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Су тасқыны басталғалы бері Азаматтық қорғаныс қызметтерімен 99 869 адам, оның ішінде 36 591 бала қауіпсіз жерлерге жеткізілді. Уақытша орналастыру пунктеріне 6 586 адам, оның ішінде 3 197 бала орналасты.

9 млн текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 1,6 млн қапшық және 1,2 млн тонна инертті материал төселді. Авариялық-құтқару жұмыстарына 34 272 адам, 4 мың техника, 17 әуе кемесі жұмылдырылды.

Осы сағатта Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында 3 563 жеке тұрғын үй, 563 аула аумағы және 1 778 саяжай үйі су астында қалуда. 3 052 тұрғын үй мен 1 935 аула аумағынан су бұрылды.

«Еліміздің 8 өңірінде Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында жергілікті ауқымдағы 34 ТЖ әрекет етеді. ТЖМ азаматтарды аса мұқият болуға, су тасқыны кезеңінде қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз сақтауға, үйлерден және эвакуациялау пункттерінен тиісті рұқсатсыз шықпауға шақырады», - деді ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш.