2 мыңға жуық жылыойлық әлеуметтік көмекке өтінім берді

15 сәуірдегі жағдай бойынша, Жылыой ауданында тасқыннан зардап шеккен 1 942 отбасынан бір реттік әлеуметтік төлемге өтініш қабылданды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі облыстық төтенше жағдай жөніндегі жедел штабқа сілтеме жасап.

100 айлық есептік көрсеткіш, яғни,  369 200 теңге көлеміндегі бір реттік әлеуметтік төлемге құжат қабылдау ауданда  12 сәуірден басталды. Қазір құжаттар үш мекен-жай бойынша – Жылыой аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде (Қабдешов көшесі, 1 үй), Жылыой аудандық Мансап орталығының ғимаратында (Махамбет даңғылы, 178 үй) және Теңіз қалашығындағы эвакуациялық пунктте қабылдануда.

«Күні бүгінге тасқыннан зардап шеккен 1 942 отбасынан өтініш қабылданды. Жоспар бойынша, 2800 отбасынан өтінім қабылдау күтілуде. Бір реттік әлеуметтік төлем алу үшін, небары төрт құжат керек. Өтініш, жеке басын куәландыратын құжат, банкіден арнайы есеп шоттар және қала әкімдігінен берілген анықтама» деді Атырау облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Азамат Мәмбетов.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: atpress.kz