1100-ден астам құлсарылық баспанасын қалпына келтіру үшін өтемақы алды

Мобильді топ мүшелері үйлерді аралау барысында 2 583 үйге бағалау және техникалық зерделеу жұмыстарының қорытындысымен таныстырды, деп хабарлайды Атырау облысының жедел штабы.  

Бүгінгі таңда Құлсарының 1 594 тұрғыны өтемақы алу туралы келісімшартқа қол қойып, 1165-не төлем төленді. Оның ішінде 722 тұрғын баспана сатып алуға және 443 тұрғын жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына төлем алды.
 
Құлсары қаласының тұрғыны Сегіз Бердіқұловқа мобильді топ мүшелері үйіне келіп, бағалау парағын берген. Ол сарапшылардың қорытындысында  көрсетілген қаржыға толық келіскенін айтты. 

 ⁃ Сарапшылардың мүлкіме жасаған бағалау қорытындысын алған соң дереу Жылыой ауданы әкімдігіне барып, маған төленетін өтемақыны ақшалай алғым келетінін айттым, - деді Сегіз Бердікұлов.

Вахтовый ауылының тұрғыны Қожантай Дәуітовке де бағалау комиссиясының  қорытындысы берілді. Ол су басқан мүлікке келтірілген залал сомасына толық келісетінін атап өтті.

 ⁃ Мүлкімді әділ бағалаған мамандарға алғыс білдіремін. Бұл қаражатпен үйімді толық қалпына келтіремін деп ойлаймын, - деді Қожантай Дәуітов. 

Сондай-ақ, бүгін техникалық зерделеу қорытындысын қайта қарау жұмыстары басталды. Нәтижелерді қайта қарауды мамандар тұрғындардың берген өтінішінде көрсетілген ескертулерді  ескере отырып, жүзеге асырады.

Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабы