Бұл туралы Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Жайнагүл Утепкалиева мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атырау облысында осы жылдың 9 ай қорытындысымен 2 көкжөтел аурушаңдығы тіркелген. 100 мың адамға шаққандағы ауру көрсеткіші – 0,30% құрайды. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында бір жағдай. Анықталып отырған аурушаңдылықтың екі жағдайы Атырау қаласынан тіркеліп отыр. Барлық жағдайда көкжөтелге қарсы екпелермен егілмеген. Ал өткен жылы осы мерзімде аталған ауру мүлде тіркелмеген.
- Көкжөтелдің жұғу көзі – науқас адамдар. Олар әсіресе аурудың бастапқы кезінде өте жұқтырғыш келеді. Көкжөтелдің кез-келген түрі басқа адамдар үшін өте қауіпті. Әсіресе көкжөтел ұстамасы қысып, қатты жөтелген кезде сақтанған жөн. Өйткені қақырық бөлшектері 3 метрге дейін ұшады. Егер көкжөтелге тұрақты өмірлік иммунитеті қалыптаспаған болса, бұл сырқатпен кез-келген жастағы адам ауыруы мүмкін, деді Ж.Утепкалиева.
Мамандардың айтуынша, көкжөтелді алдын алудың жалғыз және тиімді жолы - міндетті вакцинация. Ол бала өмірінің бірінші жылында жасалады. Сондықтан ата-аналар үшін балаларын иммундау орынды шешім болып қала береді. Вакцинация суық тию, дене қызуының көтерілуі сияқты аурудың белгілері жоқ, дені сау балаларға ғана жасалады. Вакцинация жоспарлы түрде ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес 2, 3, 4, 18 айда жүргізіледі.