Қазақстанда жатыр мойны обырының алдын алу үшін қыздарды адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау басталды . Осы мақсатта облысқа 5 976 дана екпе жеткізілді,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жоспарлы тәртіппен вакцинациялау 11 жастағы қыздарға жүргізіледі. Бұл ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес бекітілген. 12 жастан бастап 13 жасты қоса алғандағы қыздарға толықтыра иммундау жүргізіледі.
Екпе мектептердің медициналық кабинетінде және оқушының тұрғылықты жеріндегі емханаларда салынады. Иммундау ата-аналардың немесе баланың заңды өкілінің келісімімен ғана жүргізіледі.
АПВ-ға қарсы екпенің тиімділігі мен қауіпсіздігі халықаралық деңгейде дәлелденген. Осы вакцинацияның арқасында бірқатар елде әйелдер арасында АПВ-ның таралуы 90%-ға төмендеген.
Анықтама үшін: Жатыр мойны обыры әйелдер арасында таралуы және 25 - 44 жас аралығындағы әйелдер өлімінің себебі бойынша екінші орында. Бұл ауру Қазақстанда жыл сайын 1900-ға жуық адамнан анықталады. АПВ инфекциясы жатыр мойны обырының негізгі себебі екені ғылыми тұрғыда дәлелденген.