Жамансорға «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы келді (+ФОТО)

Ел Президентінің әлеуметтік бастамаларын қолдау аясында халықтың денсаулығын сақтау мен алдын алу жұмыстарын жетілдіру мақсатында іске қосылған «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Қызылқоға ауданына қарасты Мұқыр ауылдық округінің Жамансор елді мекеніне келіп аялдады.

Бұл әлеуметтік жоба 2010 жылдан бері «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және Ұлттық комиссияның серіктестігінің нәтижесінде тұрақты түрде  жүзеге асырылып отыр. Аталған пойыз ел аумағындағы шалғай елді мекендерді аралап, тұрғындарға білікті мамандардың қатысуымен тегін кеңес пен ем-дом көрсетуді көздейді.

Аудан әкімдігінен білгеніміздей, биылғы жылы жоба аясында пойыз Жамансор елді мекеніне келіп аялдады. Медициналық пойызды қарсы алуға арналған салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Гүлшара Нәдірқызы, Қызылқоға аудандық ауруханасының директоры Айнұр Төребекқызы, пойыздың аға дәрігері Асемгүл Саханова және медиатор-заңгер Шолпан Ақзамбекқызы арнайы қатысып, жиналған қауымды құттықтады. Олар өз сөздерінде бұл бастаманың маңыздылығына тоқталып, Жамансор тұрғындарына тегін медициналық әрі заңгерлік көмек көрсетілетінін атап өтті.

Жамансорда екі күн бойы аялдаған жедел жәрдем пойызында 31 білікті маман қызмет көрсетіп, тұрғындарға сапалы медициналық және құқықтық кеңес ұсынды. Атап айтқанда, заңгер, медиатор, терапевт, кардиолог, невролог, хирург-травматолог, УДЗ маманы, ЛОР, педиатр, акушер-гинеколог, офтальмолог, уролог, стоматолог секілді әр түрлі сала дәрігерлері жұмыс істеді. Барлығы 276 тұрғын мамандардың қабылдауында болды. Оның ішінде 96 бала, 180 ересек адам қаралған. Ер адамдар саны – 113, әйелдер – 163. Медициналық пойыз заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Тұрғындар УДЗ, ЭКГ, флюорография, гастрофиброскопия, сондай-ақ қан және басқа да зертханалық талдаулардан өте алды. Қажет болған жағдайда шағын хирургиялық операциялар да жүргізіледі.

Қазіргі таңда «Саламатты Қазақстан» пойызы ауданға қарасты ірі ауылдық округтердің бірі – Мұқыр ауылдық округінде қызметін жалғастырып, өз жұмысын табысты жалғастыруда. Ал, 17 маусым мен 20 маусым аралығында жәрдем пойызы Сағыз станциясына келіп, жергілікті тұрғындарға қызмет көрсететін болады. Мұндай жоба – еліміздің әлеуметтік тұрақтылығы мен тұрғындардың денсаулығына деген жанашырлықтың нақты көрінісі.

Амандық АБДОЛ