Жағдай реттелгеннен кейін сырттан келген әскерилер елдеріне қайтады

ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгерлік контингентінің дағдарыс аяқталғаннан кейін елдеріне қайтатынына сенім білдірді.

Бұл туралы ATPress.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.

 

Ерлан Қарин Маңғыстау облысында ҰҚШҰ әскері орналасқан деген ақпаратты жоққа шығарды Бұл туралы ол «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында айтты.

 

 «Қатаң, шешуші әрекеттер қабылдау керек болды. Президент осындай шешімдер қабылдады да. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгерлік контингентін тарту тұрақсыздық орнату жоспарын бұзып, болдырмай тастады. Өйткені бітімгерлік контингентті шақырудың арқасында құқық қорғау органдары мен армияның күштерін контртеррористік операцияны жүргізуге шоғырландырды. Бірақ осы төңіректегі сауалдарға алдын ала жауап бере отырып, бірден атап өткім келеді. Бұл туралы бірнеше мәрте айтылды да. Бірақ тағы бір рет еске салып, қайталау керек сияқты. Бітімгерлік контингент тек стратегиялық нысандарды күзету функциясын ғана орындайды» деді Мемлекеттік хатшы.

 

Сондай-ақ, Ерлан Қарин елдегі осы бір дағдарыс аяқталғаннан кейін сырттан келген әскерилер елдеріне қайтатынына сенім білдірді. «Бітімгерлік контингент елдің егемендігіне нұқсан келтіреді деген әңгімелердің бәрі сөз ғана. Егер мемлекеттің тұтастығы бұзылған болса, қорғайтын ештеңеміз де қалмайтын еді. Сондықтан ҰҚШҰ-ның бітімгерлік контингентін шақыру, керісінше, мемлекеттің тұтастығын қорғауға көмектесті. Президенттің осы шешімдерінің арқасында біз елімізді қорғап қалдық деп ойлаймын. Осыны ашық айтуымыз керек. Біз тек қана тәртіпті қалпына келтірген жоқпыз, мемлекеттің тұтастығын қорғап қалдық. Біз тәртіпті қалыпқа келтірдік деген сияқты сөздерді айтқанда, елде болған және болып жатқан ахуалдың сипатын толық бере алмаймыз. Таяқтың бір ұшында тек тәртіпті қалыпқа келтіру ғана емес, мемлекетті сақтап қалу, қорғап қалу мәселесі тұрды. Қаңтардың осынау драмаға толы күндерінде біз мемлекеттілігімізді сақтап қала алдық» деді Ерлан Қарин.