Сотталушылар арасында АИТВ жұқпасының алдын алу. Инфекцияның жабық мекеме ішінде таралуына жол бермеу, ақпараттандыруды күшейту. Осындай өзекті мәселелер облыстық АИТВ-ның алдын алу орталығында өткен дөңгелек үстелде айтылды. Жиынға қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты мекемелердегі медициналық бөлімге жауапты мамандар мен емханалардағы АИТВ-ға жауапты медицина қызметкерлері қатысты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Орталықтың алдын алу бөлімінің дәрігер эпидемиологы Рашида Мұқанова пенитенциарлық мекемелердегі арнайы контингентті АИТВ инфекциясының алдын алу бағдарламасымен қамтудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, ҚР ДСМ -211 бұйрығына сәйкес, жазасын өтеуші келіп түскеннен кейін, 6 айдан соң және бостандыққа шығар алдында міндетті түрде және кез келген уақытта қалауы бойынша АИТВ жұқпасына тексерілуі қажет.
Жиында АИТВ мен өмір сүретін адамдардың стигма мен дискриминацияға көбірек ұшырайтыны, сондықтан қорғау қажеттігі де айтылды. Орталықтың ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Айгүл Мұқанбетқалиеваның айтуынша, АИТВ мен өмір сүретіндердің көбі өзінің статусы жария болады деген түсінікпен уақытылы медициналық көмек алудан, дәрігерге қаралудан қашқақтайды екен. Салдарынан өзінің репродуктивті мүмкіндіктері, бала сүюге болатыны туралы білмейтіндер де бар. Сондықтан, медицина қызметкерлері оларға барынша ашық болуы керек.
Дөңгелек үстел басында зертханалық зерттеу үшін қан алу қағидалары туралы да айтылды. Сонымен қатар, қатысушыларға экспресс әдіспен АИТВ инфекциясына қалай дұрыс тексеру керектігі тәжірибе жүзінде көрсетілді.