ҚР-ДА АУРУЛАРДЫ ЕРТЕ ДИАГНОСТИКАЛАУ ҚЫЗМЕТТЕРІНІҢ КӨЛЕМІ АРТАДЫ

ҚР Президентінің медициналық-санитариялық алғашқы қызметін күшейту жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігі ағымдағы жылы амбулаториялық деңгейде консультациялық-диагностикалық қызметтер көлемін 1,5 есеге ұлғайтатын болады. Бұл ауруларды ерте диагностикалаудың қолжетімділігін арттыруға және халықтың медициналық қызметтерге жеке шығыстарын төмендетуге мүмкіндік береді. 
Сондай-ақ, амбулаториялық хирургия және амбулаториялық оңалтудың III кезеңі қызметтерінің көлемін 1,7 есеге ұлғайту көзделген. 
Бастапқы буын қызметін қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылы 500 МСАК объектісін салу жоспарланған, оның ішінде 420 ауылда, сондай-ақ 350 МСАК объектісіне күрделі жөндеу жүргізілетін болады, биылғы жылы ауылда 80‐ге жуық нысанның ашылуы мен құрылысы жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда 5 695 МСАК ұйымы бар: қалаларда – 501, ауылдарда – 5 194. МСАК ұйымдарында 12 678 учаске жұмыс істейді: оның ішінде ЖПД учаскелері – 9 636, педиатриялық учаскелер – 1 913, терапиялық учаскелер – 1129.