Құрманғазы ауданында жаңа медпункт бой көтермек

Ғизат Әліпов ауылында медициналық пункт ғимаратының құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Құрманғазы ауданында түрлі деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есеп беру науқаны басталған болатын. Бұл жолы аудан басшысы А.Жанғалиев Дыңғызыл ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, жасалған жұмыстарды қорытындылап, келер жылға белгіленген міндет-мақсаттармен бөлісті. Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінен білгеніміздей, жиынға аудандық мәслихат төрағасы Гүлжаннат Қалиева төрағалық етіп, баяндама жасау үшін сөзді ауылдық округ әкімі Оралбай Азимовке берді.

«Жыланды ауылындағы ойын алаңдарына «ARB-GROUP» мекемесімен келісімшарт жасақталып, сырлау, жаңарту жұмыстары жасалды. Ғизат Әліпов ауылына медициналық пункт ғимаратын салуға қаржы бөлініп, мердігер «ARB-GROUP» мекемесімен құрылыс жұмыстары жүруде. Сонымен қатар, Ғ.Әліпов ауылында 100 орындық мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр, мердігер «Құрылыс тайм контракт» мекемесі» деген ауыл әкімі тазалық, абаттандыру, ауыз суға қатысты атқарылып жатқан жұмыстарды да айтып өтті.

Аудан басшысы Абат Сайфоллаұлы сөз кезегін алып, тұрғындарға аудан бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баянат етті.

Ал, Дыңғызыл ауылы бойынша атап өтерлігі, ауылішілік тас жол құрылысын салу бойынша жобалау сметалық құжаттамалары жасақтау жұмыстары аяқталып, мемлекеттік сараптамаға жолданған. Сараптаманың оң қорытындысы шықты. Қаржы берілген жағдайда жұмыстар басталатын болады.

Және де Жыланды ауылына жабық спорт кешенін салуға жобалау сметалық құжаттамалары жасақталып, оң қорытындысы алынды. Сонымен қатар Ғ.Әліпов, Жыланды ауылдарына ашық спорт алаңдары салу жоспарланған болатын. Күні бүгін ЖСҚ жасақталып, оң қорытындысы алынды. Қаржы бөлінген жағдайда құрылысы басталады деп күтілуде.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ